ӨСЕК АЙТУ — ҚАСІРЕТ

0

Алла Тағала Құран Кәрімнің «Хашыр» сүресінде бір мұсылманның екінші мұсылман адамның үстінен өсек тасуына тыйым салған. Бұл әрекет сауапты жоюмен қатар, ағайын мен ағайын, жалпы ел арасына іріткі салатын кешірілмес ауыр күнә.

Атам «Қазақ» шындық пен өтірік арасы төрт-ақ елі, яғни көзбен көрген шындық, құлақпен естіген өтірік деген. Қиямет күні Алла Тағаланың аса зор қаһарына ілінетін осы өсекші адамдар. Тіпті ораза тұтқан адамның өзі өсек тасыса, Алла разылығы үшін тұтқан оразасы қабыл болмайды екен.
Құран Кәрімнің бір аятында «Өсек айту адам өлтіргеннен де ауыр күнә» екендігі айтылған. Дін мамандары айтпақшы, адамдар арасына өшпенділік, үрей туғызып, бірін-бірі өлтіруге дейін апаратын мұндай әрекетті аса мейірімді Жаратқан иемнің өзі де құптамайды екен. Бұл туралы ескіден келе жатқан бір аңызда былай делініпті. Ертеректе екі тату дос өмір сүріпті. Татулықтары сондай араларынан қыл өтпейді екен. Бір күні біреуін түлен түртіп, екіншісін сынамақшы боп, оның үстінен жеңіл ғана әңгіме таратып жіберіпті. Желдей гулеген әңгіме адамдар арасына әртүрлі дәрежеде өрбіпті. Жанына қисынсыз оқиғаларды ерткен әлгі әңгіменің иесі де анықталыпты, айтып айтпай не керек, сөз иесін табады.
Адам баласы кез келген әрекетке себепші болатын, кері әсерін тигізетін істерден аулақ болуы қажет. «Расында Алла адамдарға еш зұлымдық етпейді. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық етеді», өйткені жамандық, сынақ атаулының келуіне адамның өзі себепші болады, жамандық та өзіміздің ішкі ниет, қалауымызға байланысты беріледі. Олай болса тілімізге өте сақ болайық, себебі, жол таңдау пенденің қалауында. Қалауына қарай Алла Тағала сол жолдың есігін ашады деп айтылған.
Сіз айтып жүрген әңгіме шындыққа жанасады деп өзіңіз ойласаңыз да, анығында бұл мүлде ақиқатқа жанаспауы да мүмкін. Өзіңізді мұндай адамдардың қатарына қоса аласыз ба?
Өзіңізге төменде келтірілген мысалдар арқылы бақылау жасап көріңіз:
Өсекті ең көп айтатын адамдар бұл өздеріне сенімсіз, белгілі бір дәрежеге қолы жетпеген, мақсатына ере алмаған адамдар екен;
Бұл күндестік пен көре алмаушылық сезімдерінің астасуынан шығатын құбылыс;
Егер, ақылы толысқан, кемеліне жеткен адам әлдекім туралы, біреуге зиян келтіруші өсек айтып жатса, демек, ол адамның іштей қыжылы, өзіне деген сенімсіздігі басым. Біреудің өмірі жақсы жаққа өзгеріп, жетістікке жете бастаса, оны аяқтан шалуды көздеп, өсек таратқан адам өзінің өмірі айтарлықтай жақсы емес екендігін, өзінің кемшілігін біреуге «айыб» арқылы жапқысы келетіндерден.
Оны интернет желісінде болған оқиға ізімен жазылған мына бір төмендегі жазбаның үзіндісінен де байқауға болады.
«Жаратқан ием бұлардың бір-бірінен ішкі-сыртқы дүниесін айнытпай, ауыздарын шүртитіп жаратқанымен, өсектің нағыз «сен тұр, мен айтайын» майталмандарына айналған, тұрыстары оқшау-оқшау бірі – сопақ, бірі – томпақ, енді бірі – белден қалған бүкшең. Құдайдың мұнысына да шүкір дерсің! Әйтпегенде бар ғой, бар болмысын былай қойғанда, сөз саптауларына дейін ұқсап тұрған бұларды құдды үшем деп адасуларыңыз бек мүмкін! Өсектің «қызығына» түсіп, сыртқы дүниемен байланысын мүлде үзген өз кәйіптеріне өздері малданған күйі, әңгімені қыздырған үстіне қыздыра түсті» делінген.
Иә-ә!… Соңғы кезде салпы ерін өсекқұмарлар жұрттың арасында әлемге кеңінен тараған індет сықылды. Осы бір өсегі құрығырдың көлеміне де, табиғатына да қарамастан, жүрген жерін, тиіп кеткен орнын өртке орайтын, қасіретке душар ететін, айықпас дертке ұрындыратын шайтани қасиет екені де баршаға ақиқат. Ендеше, оны тек таңбағып бетіне басып, бұғаулап ұстамаса, адамзатқа қауіп. Айтып-айтпай не керек, алдағы уақыттарда атын атап, түсін түстемесек, жалпы жұртшылыққа белгілі бұл кесір иелері қоғамға, мемлекетке, тіпті құрбы-құрдастарымен әріптестері де осылардың құрбанына айналуы мүмкін.
Адамдар сіздің айтқандарыңызды қызықтап тыңдауы мүмкін, бірақ сізді сыйламай кетеді. Сіздің ертең оларды жамандайтындығын ойлай, теріс айналып, қоғамдағы сүйкімсіз, жағымсыз, тілі бар бірақ санасы жоқ адамға айналасыз.
Осылайша, ақиқатқа көзі жетпей тұрып мен оның бойындағы бар нәрсені ғана айтып жүрмін деп өзін ақтап, арамдардың (арамдар — деген пиғылы жаман адамды итке теңеген «Ит иттігін істемей қоймайды», «Өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер» деп теріс баға берілген.) Сізге айтқан өтірікті үшіншіге шыңғылып өсек айтуды жалғастырсаңыз, бірте-бірте күнәнің үстіне күнә жамала береді, үлкен күнә жасағаныңыз былай тұрсын, кейін оған қанша тәубе етсеңіз де, әлгі ғайбатталған адам Сізді кешірмейінше Алла Тағала Сізді кешірмейді екен.
Ата-бабамыз өзінің ұрпағына «қарғыс алма, алғыс ал» деген. Осы себепті қазақта: «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» деген.
Шындығында, қарғыс тектен-текке айтыла бермейді. Ол ашу-ызадан, екінші адамның озбырлығынан, тәкәппарлығынан туындайды. Сол себепті зұлымдыққа ұшыраған адамның қарғысынан сақ болу қажет, өйткені ол әлемдердің Раббысына шағымданады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің мүбарак хадисінде:
Зұлымдыққа ұшыраған адамның жасаған (саған) дұғасынан аулақ бол, өйткені Алла мен оның арасында (дұғаның қабыл болуында) перде жоқ, деген.
Абай заманынан мұраға қалған қазақтың бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықтар: арамдық, әділетсіздік, жағымпаздық, менмендік, қулық-сұмдық, пәлеқорлық, т.б. толып жатқан келеңсіз мінездер кеңестік заманда өз «жемісін» берді. Бірін-бірі ұстап берген соры қайнаған қазақтың тең жартысы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың құрбаны болса, зиялыларымыз жазықсыз жазаланды.
Бүгінде Тәуелсіздік тізгіні қолға тигенде де, ұлтымыздың сорын қайнатқан мінезден арылудың орнына өсектің көрігін қыздыра түсуде. Абайша айтқанда, «Досын келіп досына жамандайтындар» қарасы тым көбейіп бара жатыр. Сол қылықтары үшін, тіпті, Құдайдың құдіретімен де, әртүрлі жазаға, ұшырап жатса да, естерін жиып, тәубелеріне келер емес.
Сондай-ақ, адамзат үшін бұл аса ауыр қос дерттің айырмашылығы сол, коронавирус – тәннің аса қауіпті дерті болса, өсекқұмарлық – жанның аса қауіпті дерті! Оны ескерер уақыт та келді!
Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуінде: «Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызғандар заңға сәйкес жауапқа тартылады», – деуі орынды. Өйткені, бұл – халықтың да,қоғамның да, заманның да талабы!
Біз, Аллаға шүкір «Қазақ» деген дарқан халықтың тәлім-тәрбиесін, ізгілік, инабат мектебін, кішінің үлкен алдындағы ілтипаты мен ізетін көрген халықпыз. Осы дәстүріміз бен тәлімімізден арылмай, келер ұрпаққа жол көрсетуіміз керек.

Қақпатас ауылдық округі әкімінің аппараты КММ

Leave A Reply

Your email address will not be published.