БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ

0

Дүйсенбі күні ауданымызға облыс орталығында құрылған «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» тобының мүшелері келіп, бірнеше елді мекен тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған топ құрамына бірнеше облыстық басқармалардың басшылары кірсе, оған жетекшілік етуге облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков таңдалды.

Аты айтып тұрғандай бұл топтың басты мақсаты азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне зер салып, баға беріп, шешу жолдарын қарастыру. Ең әуелі топ мүшелері аудан әкімдігінде жиналыс өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозовтың төрағалығымен өткен кездесуде Жорабек Баубеков көпшілікті топтың құрамымен және жұмыс жоспарымен таныстырып шығып, сапарларының мақсатын да тілге тиек етті.

Өз сөзінде Жорабек Нұрмергенұлы Президенттің 1-қыркүйек күні Қазақстан Халқына арнаған Жолдауын сөз етіп, Мемлекет басшысы онда әлеуметтік мәселелерге кеңінен тоқталғанын атап өтті. Осы міндеттерді орындау «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» тобының мақсаты екенін жеткізіп, басты проблемаларға тоқталды.

— Біздің міндетіміз халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерттеп, тұрғындардың проблемаларына құлақ түріп, көмек беру. Әрине, кез-келген әлеуметтік мәселе бірінші кезекте жұмыссыздықтан басталады, содан кейін тұрғындардың тиісті біліммен қамтылуы, денсаулығы, тағы басқасы. Қордай ауданында біз бірнеше елді мекенді аралап, аз қамтылған, көпбалалы және көмекке мұқтаж азаматтармен кездесеміз және бірнеше іс-шара өткіземіз. Сонымен қатар, Қ.Тоқаевтың Жолдауын насихаттау жұмысы да бар, – деді Жорабек Баубеков.

Осыдан кейін аталмыш топ мүшелері Әлжан ана және Бетқайнар ауылдарында тұрғындармен жиын өткізіп, қоғамдық қабылдау жүргізді. Бұл кездесулерде Жорабек Баубеков өздерінің келген мақсатын түсіндіре келе Жолдауды кеңінен насихаттап, жақында ауданда «кризистік орталық» ашылатынын атап өтті. Бұл орталықта тұрғындардың тұрмыстық проблемаларын шешуге арнайы мамандар көмек көрсететін болады. Кейіннен, қоғамдық қабылдау барысында ауыл тұрғындары топ мүшелеріне көкейіндегі сұрақтарын жолдап, жауаптарын алды.

Айта кетсек, осы жоба аясында облыстық көп салалы балалар ауруханасының мамандарынан жасақталған медициналық топ келді. Оның құрамына невропатолог, эндокринолог, ортопед, инфекционист бала дәрігерлері кірді. Олар аудандық орталық ауруханада қабылдау жүргізіп, балаларға ем-дом жасап, тиісті кеңестерін берді. Аталмыш топ бірнеше елді мекенде де қабылдау жүргізбек.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.