АХАТ ОРГАНДАРЫМЕН КӨРСЕТІЛЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ

0

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 112 бұйрығымен бекітілген «Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жою қағидаларына» негізделеді.
Елімізде бүгінгі күннің талабы барлық саладағы қызметтерді бірдей жетілдіруде, халыққа қызмет көрсету барысында оңайлатылған тәртіпте әр адам өзінің құқығына тиесілі пайдалана алады. Әр азамат күнделікті өмірде некеге тұру, баланың туу туралы куәлігін алу, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту, тағы басқа да тұрмыстық қажеттіліктеріне байланысты кез келген қызметті тіркеуші органға (АХАТ), қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың ЖАО-на, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне немесе Мемлекеттік корпорацияға (ХҚКО) өтініш берушінің қалауы бойынша жазбаша нысанда не электрондық түрде өтінішпен қайырылып ала алады.
Қазіргі таңда, баланың тууын тіркеуге, некені (ерлі-зайыптылықты) қиюды тіркеуге, сондай-ақ қайталама куәліктерді, анықтамаларды алу үшін өтініштерді «eGovmobile», екінші дәрежелі «Kaspi», «Halyk» банк қосымшалары арқылы беруге болады, сонымен қатар, проактивті түрде 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-хабарландыруға жауап жолдай отырып ұялы телефон арқылы қызметті алуға болады.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін ата – аналары немесе басқа да мүдделі тұлғалар бала туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті қалауы бойынша жазбаша нысанда не электрондық түрде береді. Баланың тууын тіркеу – 2 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Тууды мемлекеттік тіркеу – тегін.
Некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу — өтініш берген күннен бастап күнтізбелік он бес күн өткен соң жүргізіледі (қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді). Қызмет құны — 1 АЕК.
Неке (ерлі-зайыптылықты) қию туралы өтінішті әрбір өтініш беруші өз қолымен жазбаша түрде толтырады немесе портал арқылы өтініш берген кезде электрондық түрде некеге тұратын адамдар электрондық – цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі — ЭЦҚ) қол қояды.
Кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бір-біріне мүліктік даулар мен өзге де талаптары жоқ ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін өтініш берушілер кез-келген тіркеуші органға, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың ЖАО-на, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне жазбаша нысанда не портал арқылы электрондық түрде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы өтініш береді. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу мемлекеттік тіркеу — өтініш берілген күннен бастап 1 (бір) ай өткеннен кейін ерлі-зайыптылардың екеуінің қатысуымен тіркеледі. Қызмет құны – 2 АЕК.
Егер ерлі-зайыптылар некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін өздеріне белгіленген күні тіркеуші органға келе алмаса некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы өтінішпен қайтадан жүгіне алады, тағы бір айлық мерзім тағайындайды.
Егер ерлі-зайыптылардың бірі некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы өтінішті қайта бергеннен кейін некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға келе алмаса, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу ол болмаған кезде, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға оның нотариалды куәландырылған келісімі болғанда жүргізілуі мүмкін.
Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін- қайтыс болған адамның жақын туыстары, оның мұрагерлері тобына кіретін басқа да тұлғалар, қайтыс болған тұлғамен бірге тұрған адамдар, көршілері кез келген тіркеуші органға, немесе Мемлекеттік корпорацияға қалауы бойынша жазбаша нысанда не портал арқылы электрондық түрде қайтыс болуды тіркеу туралы өтініш береді. Қайтыс болу туралы акт жазбасы тіркелгеннен кейін куәлік басылып шығарылмайды, қайтыс болу туралы хабарламаны «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алуға болады. Қайтыс болуды тіркеу мерзімі — 1 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу — тегін.
Бүгінгі таңда тез өзгеріп жатқан заңнамаларды жеткілікті білу мақсаты алдыңғы орында тұр. Дегенмен, жоғарыда айтылған негізгі бағыттарды жетілдіруде мемлекет өз тарапынан барлық күш-жігерін салуда. Әрбір азамат үйінен тікелей ақпарат алу, баланың тууын тіркеу, некеге тұру т.б. жұмыстарын уақыт үнемдеу арқылы қызмет алуға ықпал жасауда.

М.НАМАЗАЛИЕВА, Қордай ауданы әкімі аппаратының АХАТ бөлімшесі басшысының м.а.

Leave A Reply

Your email address will not be published.