МӘМС аясында медициналық көмекті қалай алуға болады?
Жамбыл облысы бойынша ауылдық елді мекендерде халықтың 56,7% тұрады.
Олардың бір бөлігі ресми жұмыс істеп, мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыруға жалақыдан аударымдар мен жарналар төлейді. Кейбір азаматтар дербес төлеуші ретінде (айына 3500 теңгеден төлеп) сақтандырылған. Біреуге БЖТ қолайлы және ол жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, зейнетақы төлемдерін және МӘМС жарналарын қоса алғанда, ай сайын небәрі 1 725 теңге (0,5 АЕК) төлейді. Барлық сақтандырылған азаматтар төлеген жарна мөлшеріне қарамастан МӘМС тізіміне кіретін медициналық көмектің қажетті көлемін алуға құқылы.«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша директоры Ляззат Алимова
ауруды диагностикалау, дәрігер кеңесі немесе қымбат операция қажет болса ауыл тұрғындары қайда жүгіну керектігін айтып берді.
Барлығы учаскелік дәрігерден басталады …
Ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық көмек алу үшін алдымен учаскелік дәрігерге бару керек. Әр елді мекенде дәрігерлік амбулатория немесе медициналық пункт болады.
«Қандай да бір ауырсыну болса, пациент алдымен учаскелік дәрігерге баруы керек. Дәрігер оның жағдайын бақылап, ем тағайындайды немесе бейінді маманның кеңесін алуға аудандық ауруханаға жолдама береді. Шұғыл жағдайда тұрғынды ауруханаға жедел жәрдеммен жібереді», – дейді Ляззат Алимова.
Бейінді дәрігерге қалай жазылуға болады?
Пациент гастроэнтерологке жолдама алды делік. Енді ол дәрігер кеңесіне аудандық аурухананың тіркеу орнына қоңырау шалу арқылы немесе оның медициналық ұйымына енгізілген медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы арқылы жазыла алады. Қарияларға бұл жағдайда ауылдық медбике көмектесе алады.
Егер пациент МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерді тұтынушы болса, қабылдауға жазылып, ары қарай диагностикадан өтеді. Оның қорытындысы бойынша, ем тағайындалып, қажет болса, операцияға жіберіледі. Бұл жағдайда қажет тексерілулер кешені жүргізіледі. Дәрігер пациентті Емдеуге жатқызу бюросы арқылы тіркеп, ота жасалатын күн таңдалады.
Аудандық ауруханада қажетті медициналық қызмет болмаса не істеу керек?
Қандай да бір бейінді маман немесе қажетті диагностикалық қызмет болмаған жағдайда пациентті қалаға, ауруханамен бірлесіп орындау шарты бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымға жібереді. Сондай-ақ, азаматтар Қордың деректер базасында тұратын және МӘМС бойынша көрсетілетін керек қызметтерді, клиниканы өздігінен таңдай алады.
Бұл ретте оған шарттың жоқтығына сілтеме жасай отырып, жолдама беруден бас тартуға құқығы жоқ. Себебі шарт жазбаша жолдама мен көрсетілген қызмет негізінде автоматты түрде толтырылады.
Қор сарапшысының айтуынша, аудандардың орталық ауруханалары мен емханалары әдетте ультрадыбыстық және рентгендік жабдықтармен толық жабдықталған, толыққанды зертханалар жұмыс істейді. КТ және МРТ аппараттары қалалық клиникаларда ғана бар, сондықтан ауыл тұрғындары бұл тексерулерге қалаға жіберіледі. Пациент жолдама алған соң, қажетті клиникаға қоңырау шалып, МӘМС аясында диагностикаға жазылады.
Профилактикалық тексеру жұмыстары қалай атқарылып жатыр?
Әдетте, аудан әкімдіктері мен емхана меңгерушілері бұл жұмысты жыл басында бекітілген кесте бойынша жергілікті тұрғындарды медициналық тексеруден өткізу туралы бұйрыққа сәйкес жүзеге асырады. Осылайша, жергілікті халықтың денсаулық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
«Профилактикалық тексерулер бүкіл ел бойынша жүргізіліп жатыр. Ол жүрек-тамыр жүйесі, несеп жүйесі ауруларының, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің, созылмалы ауруларының ерте кезеңдерін анықтауға бағытталған. Онкологиялық скринингтер жүргізіледі. Сондай-ақ, мектеп медицинасын жүзеге асыру аясында балаларды профилактикалық тексеру қарастырылған», – деді Ляззат Алимова.
Бұдан бөлек, ауыл халқын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуде көлік медицинасын дамытуға үлкен көңіл бөлініп, жылжымалы медициналық кешендер, «Денсаулық пойыздары», санитарлық авиация халыққа қызмет көрсетеді. Бұл жергілікті азаматтардың ешқайда шықпай, бір жерде бірнеше бейінді дәрігердің қабылдауына кіруге мүмкіндік береді.
Егер медициналық көмек алу бойынша тағы сұрақтарыңыз болса, өз емханаңыздағы « Пациенттерді қолдау» қызметіне жүгіне аласыз.
Келесі байланыс арналары арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш қалдырып, «сақтандырылған» мәртебесін тексеруге болады:
fms.kz ресми сайты,
1406 байланыс орталығы,
Qoldau 24/7мобильді қосымшасы
Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Сондай-ақ, ҚР egov.kz электрондық үкіметінің сайтында «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы білуге болады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы