ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ЖАС ИНСПЕКТОРЛАРЫ

0

Дүйсенбі күні №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алу, ерлігін ұлықтау, және осыдан тура бір жыл бұрын өмірден өткен Ішкі істер саласының ардагері Тұрысбек Құсайыновты еске алу мақсатында мектеп оқушыларының арасында XXII аймақтық «Жол қозғалысының жас инспекторлары» слеті өтті.

Жиырма жылдан астам уақыттан бері жыл сайын өткізіліп келген бұл шара әлемді жайлаған пандемияның кесірінен үзіліп қалған болатын. Биыл, міне, дәстүрлі шара қайта жаңғырып, болашақ тәртіп сақшылары мен сала ардагерлерінің басын қосты.
Ең алдымен жиналғандар Ғазиз Байтасовты және Қордай АІІБ ардагері, «Жас жол инспекторлары» жарысын ұйымдастыруды Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып бастаған марқұм Тұрысбек Қынатұлын бір минут үнсіздік жариялап, еске алды. Осыдан кейін ішкі істер саласының ардагері, кәсіпкер С.Салыбаев сөз алып оқушыларға сәттілік тіледі.
Шараға №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің «Жас қыран» командасы, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының «Тарландар» командасы, №16 М.Лермонтов атындағы орта мектебінің «ЮИД» командасы, №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің «Сақшылар» командасы, №24 М.Әуезов атындағы орта мектебінің «Барыс» тобы, №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектебінің «Жас инспекторлар» тобы, №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебі оқушыларынан құралған «Сұңқар» тобы қатысты. Ал Жол полициясының ардагерлері Ж.Жунускулов, А.Салыбаев, Қордай ауданы білім бөлімінің әдіскері Е.Күнжанов, техникалық, шығармашылық және кәсіби білім беру орталығының директоры Е.Түлеуов, БЖШО директорының орынбасары Е.Атамқұл, медицина саласының ардагері Р.Жәнібековалар қатысушыларға әділ бағасын беретін қазылар алқасының құрамында болды. Жас тәртіп сақшылары «Сапта жүру», «Жас насихатшылар», «Қауіпсіз дөңгелек», «Жас реттеуші», «Жас санитар», «Үгіт бригадасы» кезеңдері бойынша сайысқа түсіп, жол-көлік қозғалысы ережелеріне қатысты білімдерін, алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын, сапта жүру дайындықтарын көрсетті. Әділ қазылар алқасына жеті команданың өнерін бағалап, барлық кезеңдер бойынша үздік шыққан қатысушыларды анықтау қиынға соқты. Өйткені, жас инспекторлардың барлығы дерлік үлкен дайындықпен келген. Жарыстың нәтижесі бойынша, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы оқушыларынан құралған «Тарландар» тобы бас жүлдені иеленіп, кубокпен, грамотамен және 100 000 тг ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал жүлделі бірінші орынды №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектебі, екінші орынды №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі мен №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебі, үшінші орынды №16 М.Лермонтов атындағы орта мектебі мен №24 М.Әуезов атындағы орта мектебі иеленіп, бағалы сыйлықтармен және медаль, грамотамен марапатталды. Ал №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің командасына «Алғыс хат» табыс етілді. Осы ретте С.Салыбаев, Ж.Жунускулов, А.Салыбаев және Қордай аудандық полиция қызметкерлерінің аталмыш шараны ұйымдастыруға демеушілік көмек көрсеткендерін айта кеткен жөн.
Енді бас жүлде иеленген команда мамыр айында өтетін облыстық сайыста Қордай ауданының намысын қорғамақ.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.