БІЛІМ МЕН ТӘЖІРИБЕ ТОҒЫСҚАН

0

Ноғайбай ауылдық округіндегі ауыл шаруашылық колледжінде білім беру сапасын арттыруға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталған маңызды шара өтті.

Білім ордасында студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік беретін заманауи кабинеттер мен арнайы тәжірибелік алаңдардың салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Аталған игілікті бастама – ауыл шаруашылығы саласына қажетті білікті мамандар даярлау жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Себебі бүгінгі таңда еңбек нарығында теориялық біліммен қатар, кәсіби дағдысы қалыптасқан, заманауи технологияларды меңгерген, өз ісінің қыр-сырын тәжірибе жүзінде игерген мамандарға сұраныс жоғары. Осы талаптарды ескере отырып, колледжде білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, білім ордасында «Ақылды үй» кабинеті, ветеринария кабинеттері, Еділбай тұқымды қойларды өсіруге арналған алаң және құс шаруашылығының тәжірибелік алаңы өз жұмысын бастады. Жаңа кабинеттер мен тәжірибелік нысандар студенттердің таңдаған мамандығы бойынша жан-жақты білім алып, болашақ кәсібіне қажетті практикалық машықтарды қалыптастыруына кең мүмкіндік береді.

«Ақылды үй» кабинетінің ашылуы – білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу бағытындағы тың бастама. Мұнда студенттер автоматтандырылған жүйелердің жұмысымен танысып, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде меңгере алады. Ал ветеринария кабинеттері болашақ ветеринар мамандардың кәсіби дайындығын жетілдіруге арналған. Студенттер мұнда жануарлардың денсаулығын бақылау, оларды күтіп-баптау, аурулардың алдын алу және ветеринариялық қызметтің негізгі бағыттары бойынша тәжірибелік білімдерін толықтыра алады. Сонымен қатар колледж аумағында құс өсіру алаңының ашылуы да білім алушылардың тәжірибелік мүмкіндіктерін кеңейте түспек. Құс шаруашылығының ерекшеліктерін тікелей тәжірибе барысында меңгеру арқылы студенттер құстарды күтіп-бағу, өсіру, азықтандыру және шаруашылықты ұйымдастыру бағытында қажетті дағдыларды игереді. Колледж директоры Әбілқайыр Таңжарықов жаңа нысандардың ашылуы білім ордасының дамуына тың серпін беріп, студенттердің сапалы білім алуына оң ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ осы игі істің жүзеге асуына қолдау білдірген азаматтарға ерекше алғысын жеткізді.

«Колледжімізде «Ақылды үй» кабинеті, ветеринария кабинеттері, Еділбай тұқымды қойлар және құс өсіру алаңы өз жұмысын бастайды. Бұл нысандардың әрқайсысы болашақ мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Студенттеріміз заманауи технологияларды меңгеріп, ветеринария, мал және құс шаруашылығы бағыттарында тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алады. Осындай игілікті бастамалардың жүзеге асуына қолдау көрсеткен азаматтарымызға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ең алдымен, ветеринария кабинеттері мен құс өсіру алаңының ашылуына демеушілік жасаған «Эко Чикен» компаниясының басшысы Талғат Сәрсенбаевқа, сонымен қатар «Ақылды үй» кабинетінің ашылуына демеушілік көрсеткен «Энерго Групп» компаниясының басшысы Нұрсұлтан Жұмадінге ерекше алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ колледжімізге «Еділбай» асылтұқымды қойларды сыйға тартқан кәсіпкер Саят Жетібаевқа айрықша ризашылығымызды білдіреміз. Бұл сый – ұлттық мал шаруашылығына деген құрмет пен жас ұрпақтың болашағына деген қамқорлықтың көрінісі», – деді колледж директоры.

Жиынның салтанатты сәтінде лента қию рәсімі өткізіліп, қатысушылар жаңадан ашылған кабинеттер мен тәжірибелік алаңдарды аралап көрді. Жаңа мүмкіндіктермен танысып, олардың алдағы оқу үдерісінде атқаратын қызметіне назар аударды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.