Уақыт көші зымырап, жылдар алмасып жатса да, ұрпақтар арасындағы алтын көпір — рухани сабақтастық ешқашан үзілмек емес. Жақында Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда осы бір өміршең идеяны арқау еткен «Уақыт капсуласы — ұрпақтар сабақтастығы» атты мазмұнды әрі әсерлі шара ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты — ұстаздық жолдың ұлылығын дәріптеу, ардагер ұстаздардың өнегелі жолын кейінгі буынға жеткізу, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайту және уақыт капсуласы арқылы болашақ ұрпаққа аманат қалдыру.
Салтанатты кештің сәні мен мәнін арттырған сахна безендіруі де ерекше болды. Ортада «Уақыт капсуласы — ұрпақтар сабақтастығы» деген жазу көз тартып, үлкен экраннан мектептің кешегі және бүгінгі өмірінен сыр шертетін архивті фотосуреттер көрсетілді. Сахна төріне ескі қоңырау, мектеп шежіресі, естелік кітаптар мен арнайы дайындалған уақыт капсуласы қойылып, ерекше атмосфера орнады.
Мерекелік кештің І бөлімі «Уақыт үн қатқанда…» деп аталды. Зал қараңғыланып, баяу әуен ойнаған сәтте экраннан мектептің тарихы, ардагер ұстаздардың бейнелері мен түлектердің жүздері көрініс тапты. Дәл осы сәтте сахна сыртынан естілген сырлы монолог барлық қатысушының жүрегіне жетті:
«Уақыт… Сенің неткен құдіретті едің?! Сенің қойнауыңда қаншама тағдыр, қаншама тарих жатыр. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бала бүгін ел тізгінін ұстаған азаматқа айналды. Кеше ғана қолына бор алған жас ұстаз бүгін ардақты тұлғаға айналды. Бірақ өзгермейтін бір ақиқат бар. Ол – ұстаздың ұлылығы. Уақыт жылжиды, ұрпақ алмасады, ал ұстаз қалдырған із ешқашан өшпейді…»
Осы әсерлі сәтте сахнаға қолына ескі мектеп қоңырауын ұстаған оқушы шығып, сағынышқа толы қоңырау үні сыңғырлай жөнелді. Бұл үн өткен мен бүгінді байланыстырған үлкен тарихтың жарқын көрінісі еді.
Шара барысында қатысушылар ұстаздық жолдың қадір-қасиеті, отбасылық дәстүрлер, ұлттық құндылықтар және ата-баба мұрасын қадірлеу туралы ой қозғады. Жиналғандар өткеннің тәжірибесі мен бүгінгінің ізденісін ұштастыра отырып, жүрекжарды тілектерін қағазға түсірді.
Кештің ең салтанатты сәті — «Уақыт капсуласын» рәсімдеу сәті болды. Бүгінгі оқушылар мен ұстаздардың болашақ ұрпаққа арналған шынайы хаттары, арман-тілектері арнайы капсулаға салынды. Бұл капсула 2036 жылы ашылуға тиіс.
Мұндай игі бастамалар жастардың бойында патриотизм сезімін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыратыны сөзсіз. Өйткені өз тарихын білетін, өткенін бағалайтын және ұлттық құндылықтарын қадірлейтін ұрпақ қана жарқын болашаққа сеніммен қадам баса алады.