ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА

0

Бүгінде жастар үшін мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар жетерлік. Солардың қатарында ауылды жерлерде кеңінен жүзеге асып, жастарға шапағаты тиіп жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар. Бұл бойынша жастар өз мамандығымен ауылды жерге жұмысқа орналасып, баспана ала алады. Ал, бағдарламаның шапағатын сезінуші жастардың да саны күн санап артып келеді. Солардың бірі Жанар Құрманқұл.

Жанар бүгінде Қордай ауылындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жұмыс жасайды. Ол өзі де бала кезінде осы орталықтан білім алған. Өнерге деген махаббатын осы білім ордасында шыңдап, арман қуып Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түседі. Онда «дәстүрлі ән» факультетінде дәріс алып, мамандығын жетік меңгеріп шығады. Жанар оқуда өнерімен көзге түсіп, түрлі республикалық байқауларда топ жарады. Академияны аяқтаған соң дипломын алып ауылға жол тартады. Осылайша, бала күнгі білім алған ұясына келіп жұмыс жасайды. Бүгінде оның шәкірттері көптеген жарыстарда топ жарып, орталықтың бетке ұстар азаматтарына айналған. Алайда, айлықпен күн өткізіп, баспана алу қиын екені айтпасада белгілі. Оған осы тұста жолдасы Жомарт қолдау көрсетеді. Жас мамандарға арналған «Дипломмен ауылға» жобасынан хабардар болған Жомарт пен Жанар қолындағы бар құжатын алып аудан әкімдігіне жол тартады.

-Аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бардым. Ондағы мамандар маған керекті құжаттардың тізімін берді. Сол бойынша дереу керекті қағаздарды өткізіп, әуелі кезекке тіркелдім, — дейді жас маман. Ол құжаттар рәсімдеп жүрген уағында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы үй алған жастар кезіккен. Олардың қуанғанын көрген Жанар ертерек кезегі келіп, осы қуанышқа бөленген күнін асыға күтеді. Арада біраз уақыт өтіп, күтпеген жерден қуанышты хабарды естиді.

— Алдымен сатылымдағы үйлерді іздедік. Көңілімізден шыққан үйлерге қаражатымыз жетпеді. Алайда бірер күнде өзімізге ұнап, ақшамыз жететін үй сатылымға шығып, соны таңдадық, — дейді қазіргі үйін таныстырған Жанар Құрманқұл.

Бағдарлама арқылы алған баспанасы «Самал» шағын ауданында орналасқан екен. Шағын ғана үш бөлемелі үй. Өздеріне ұнағаны көздерінен көрініп тұр. Алдағы жылдары жолдасы екеуінің үй көлемін үлкейту бойынша жоспарлары да жоқ емес. Ең бастысы жеке үйлері бар. Соған қуанышты. Бүгінгі күнде Жанар бала күтімі бойынша демалыста. Кіші ұлы Шахназар күні кеше 1 жасқа толып, қоныс тойларын қатар атап өтіпті. Айтпақшы, жолдасы Жомарт та өнерден құр алақан емес. Ол да балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында театр үйірмесінде сабақ береді. Әріптестері екеуін өнерлі жұп деп сый құрметін көрсетіп, мақтаудан жалықпайды.

– «Дипломмен ауылға» бүгінгі жастар үшін ең қажетті бағдарлама. Өйткені бүгінде жастардың көбі қалаға әуестеніп тұрады. Онда жұмыс табылса, баспана табылмайды. Ал, пәтер жалдап тұру үшін жалақыңның жартысы жұмсалады. Елбасымыздың «Ауыл гүлденсе ел гүлденеді» дегені әрдайым есте. Ал, ауылды гүлдендіретін біз секілді жастар, — дейді олар.

Расында, бағдарламаның басты мақсаты жас-тарды баспанамен қамтамасыз ету. Жұмысқа орналасқаннан кейін, бағдарлама аясында тіркелу қажет. Осыдан кейін құжаттарыңызды зерделеп, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік көтерме жәрдемақы төленетін болады. Ал, тұрғын үй алуға және салуға 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 15 жылдық мерзімге жылдық 0,01%-бен несие беріледі. Бұл жастарға зор таптырмас қолдау мен мүмкіндік. Егер сіз ауылды жерге жұмыс iстеуге келген болсаңыз бұл мүмкіндікті жіберіп алмаңыз. Ол үшін сіз денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласында жұмыс жасауыңыз тиіс. Осы мамандық иелері кез келген уақытта құжаттарыңызды рәсімдеп, көп күттірмей баспаналы болу бақытын сезіне алады. Жанар Құрманқұлдың да жастарға айтпағы осы.

Мадияр Қарабаев

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.