ТЕРРОРИЗМ ИСЛАМҒА ЖАТ ҚЫЛЫҚ

0

«Терроризм» ұғымына қатысты көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер болғандықтан, жұртшылыққа ортақ анықтама беру қиынға соғады. Алайда, оның «зорлық зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге болады. Бұған негіздесек, терроризм «үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан лоқы мен зорлық зомбылық» дегенге саяды.
Террорға бейім адамдар мұсылман отбасыларында, яғни біздің көз алдымызда өсіп-жетілді. Біз оларды мұсылман деп санадық. Террорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешірді? Біз бұған кінәлі емеспіз бе? деген көптеген сұрақтар алдымызда тұрғаны ақиқат.
Исламның негізін меңгерген адамның террорист болуын елестету мүмкін емес. Террорлық жолға түскен адамның мұсылман болып қалуы неғайбыл. Дінде адам өлтіру арқылы ізгі мақсатқа қол жеткізу деген ұғым мүлдем жоқ. Кез келген жан өз дінін жетік білсе, ақырет күні есеп беру сезімімен әрекет етер болса, террорлық әрекетке беттеуі мүмкін емес.
Террорлық әрекетке барып жатқандар мешіт жамағатынан шыққан, діндар жандар емес. Діндар кісілер мұншама жауыздық әрекетті жасай алмайды. Жанкештілікке көбіне діни сауаты жоқ адамдар барады. Олар әлдекімнің «Мынаны өлтіру керек» дегенін бұлжытпай орындайды.
Мұндай жағдайдан алып шығар жалғыз ғана жол бар – ол адамдарға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білу. Шынайы мұсылман адамның еш уақытта лаңкес бола алмайтындығын түсіну керек: «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8 аяттар). Егер сен атомның салмағындай бір нәрсе жасасаң, соған жауап бересің. Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аятта бар.
Діннің негізгі ұғымы осы болса, онда осыны үйретуіміз керек. Ислам жайлы түсінігімізді қайта қарап шыққанымыз жөн. Мұсылман ретінде «Мына әлемде өзгелер алға басып, дамып, өркендеп жатқанда, біз неге кері кетудеміз?» деп өз-өзімізге сын көзбен қарап, осының жауабын іздеуіміз керек.
Елдің елдігін сақтау Құран мен сүннетті басшылыққа алып, бұрынғы даналарымыздың көрсеткен жарқын жолымен жүруде екенін түсінетін уақыт жетті. Дінімізде мәңгі өзгермейтін ұлы ақиқаттар мен заман шарттарына қарай бейімделіп отыратын құндылықтар бар.
Ислам террорға, зорлық-зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға қарсы. Бүгінгі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде ислам атымен сандаған жазықсыз адамдардың қаны төгіліп жатады. Жаратушы сөзімен қарасақ, бір адамға қиянат жасап, құрбан ету күллі адамзатқа бағытталған амал ретінде түсіндіреледі. Сонымен Исламның қақтығыс, лаңгестік, зорлық-зомбылықты, өктемдікті айыптаған, керісінше қоғамдық тұрақтылық, ізгілікті, ұстамдылықты уағыздаған дін екендігіне көзімізді жеткіземіз.

Сұлутөр ауылдық округі әкімінің аппараты

Leave A Reply

Your email address will not be published.