Жаз басталды. Балалар қалай демалуда?

0

Балаларымыз оқу жылын аяқтап, жазғы демалысқа шықты. Соңғы қоңыраудың сыңғыры естілісімен-ақ ата-ананы әбігерге түсіретін бір жайт – ол баласының жазғы демалысты жақсы өткізуі. Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз маусымы ғой. Үш ай демалыста балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Кейбір балалар ауылдағы ата-әжесінің үйіне демалуға кетеді, ал кейбірі өзі оқитын мектеп жанындағы лагерьге асығады. Мәселе, әсіресе, аудан орталығындағы ата-аналар үшін маңызды. Жалпы аудан балалары үшін жазғы демалыс биыл қалай ұйымдастырылмақ? Бұл сұраққа аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбековтен жауап алған едік.

 -Бірінші кезекте жазғы сауықтыру демалысымен әлеуметтік осал санаттағы балалар қамтылады. Бұл жетім балалар, аз қамтылған, көп балалы отбасы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар. 2022-2023 оқу жылының соңында 1-10 сынып арасындағы оқушылардың саны 28245 баланы құрады.  Жазғы сауықтыру бойынша   спорттық жиындарға  5123 оқушы қатыстырылады, мектептер, мектептен тыс білім беру мекемелері мен аула клубтарындағы үйірмелерге (тіл үйрену, өнер, спорт, қолөнер, техникалық бағыттағы) – 14585 оқушы қамтылады, балалардың жазғы сауықтыру шараларын ұйымдастыру барысында аудандағы әлеуметтік санаттағы 850 бала сауықтыру лагерьлерінде демалады.

Көпбалалы, аз қамтылған отбасы балалары-ның жазғы сауықтыру демалысына бюджеттен  қаражат қарастырылған. 850 оқушының лагерьде демалуына 35 млн. 853 мың теңге бөлінді. Бір жолдама құны 42 мың 180 теңгені құрайды. Әр балаға жұмсалатын бір күндік қаражат 3515 теңге. 50 бала кәсіподақ демеуімен ұйымдастырылады. Қордай ауылындағы мемлекеттік «Балауса» сауықтыру лагері ағымдағы жөндеу, тазалау жұмыстарын аяқтап, төтенше жағдайлар мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларынан дайындық актілерін алды. Лагерь, әдеттегідей, 4 ағымда жұмыс істейді. Алғашқы ағым 12 маусымнан жұмысын бастады, әр ағымы 12 күннен ұйымдастырылып, 5 тамызға дейін жалғасады. Ал, аудандағы 47 мектептің жанындағы демалыс алаңдары ағымдағы жылдың 2 маусымынан 27 маусым аралығында екі ағымда жұмыс жүргізетін болады. Оған жалпы саны 15379 баланы қамту жоспарланған. Оның ішінде  ыстық тамақ ұйымдастырылған, мектеп жанындағы демалыс алаңында 6673 бала (1 балаға – 450 теңгеден) жазғы уақытын көңілді өткізуге мүмкіндік алған.

Сонымен қатар, балалардың жаз мезгілінде өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балалармен  сынып сағаттары, ата-аналар үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ал, мектептердегі жалпы қауіпсіздік шараларына тоқталатын болсақ, ауданда білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтырылуын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру бойынша ведомствоаралық іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Биыл аудандағы 23 мектепке турникеттер орнату қарастырылып, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу арқылы байқау жарияланған. Нәтижесі оқу жылының соңына дейін белгілі болмақ. Аудандағы 8 мектепке дабыл түймесі орнатылған. Алдағы уақытта қалған 34 мектепке дабыл түймесін орнатуға қаражат қарастырылатын болады.  Ауданда барлығы 15 мектеп инспекторлары бар.  Олар білім беру ұйымдарымен өзара әрекетінің алгоритміне сәйкес, аудан мектептерінде (ауысым арасында, таңертең оқушыларды күтіп алу және түстен кейінгі соңғы сабақтан кейін шығарып салу) тиісті жұмыстарын кезекшілермен бірге жүргізуде. Мектептерде қауіпсіздік ережелері бекітіліп, онда мектепке келушілерді тіркеу, қабылдау, шығарып салу регламенті айқындалған.  Ата-аналар және бөгде адамдар білім нысанына кіру кезінде вахта қызметінде міндетті түрде тіркеледі. Сонымен қатар, аудандағы 34 мектепке мамандандырылған күзетті ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алу арқылы байқау жарияланған. Жалпы аудан мектептерінде 47 вахтер жұмыс істеуде. Мектептер 100% жылы ғимарат ішіндегі әжетханалармен қамтамасыз етілген. Бейнебақылау камераларын жедел басқару орталығына қосу бойынша аудан орталығының 7 мектебі жедел басқару орталығы арқылы полиция бөліміне қосылған. Аудан мектептерінің барлығында бейнебақылау камералары орнатылған, мұнда барлығы 780 дана камера бар. 2023 жылы 34 мектептің аналогтық бейнебақылау камералары цифрлық камераларға ауыстырылатын болады. Бұл жөнінде білім бөлімі мемлекеттік сатып алу арқылы байқау жариялады.

Сонымен қатар, балалардың жаз мезгілінде мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балаларға  түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.