ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ – ӨТКЕНГЕ АЛҒЫС, БОЛАШАҚҚА АМАНАТ

0

АЛМАТЫДА ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН ЖАС ҰСТАЗДАН ТУҒАН ЖЕРІНЕ, АТА-АНАСЫНА ЖӘНЕ АЯУЛЫ ҰСТАЗДАРЫНА АЛҒЫС!

Ұстаздар күні – жүрекке жылулық ұялататын, өткенге көз жүгіртіп, өмір жолымызда із қалдырған жандарға алғыс айтатын ерекше мереке. Биыл мен үшін бұл күннің орны бөлек болды. Алматы қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүрген мені туған өлкем — Қордай ауданының білім бөлімі мерекелік шараға арнайы шақырды. Бұл шақырту мен үшін үлкен құрмет қана емес, білім жолымның бастауында тұрған жандармен қайта қауышып, оларға деген ризашылығымды білдіруге берілген ерекше мүмкіндік.

Ең алдымен, бар жетістігімнің бастауында тұрған ата-анама шексіз алғысымды білдіремін.

Бала кезімде мені қазақ сыныбына беріп, мемлекеттік тілді ерте жастан меңгеруіме, қазақ халқының тілі мен мәдениетін танып-білуіме жол аштыңыздар. Ол кезде бұл шешімнің болашақ өміріме қаншалықты әсер ететінін түсінбесем де, бүгін оның менің тағдырымдағы ең маңызды қадамдардың бірі болғанын терең сезінемін.

«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, бүгінгі жетістіктерімнің негізінде ата-анамның тәрбиесі, қолдауы мен сенімі жатыр.

Алғашқы ұстазым – Гүлнар Рахатқызы! Сіз маған алғаш әріп танытып, білім әлеміне жол аштыңыз. Бала жүрегіне білімге деген сүйіспеншілік ұялатып, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және өзіме сенуге үйреттіңіз. Бүгін өзім де ұстаз болып, шәкірттеріме білім беріп жүргенімде, сіздің маған сіңірген еңбегіңізді ерекше сезінемін. Менің әрбір жетістігімде сіздің де өшпес қолтаңбаңыз бар.

Жоғары сыныпта бойымдағы қабілетті байқап, білімімді шыңдауға көмектескен аяулы тәлімгерлерім – Сәуле Амангелдіқызы мен Әлия Орынбекқызына да айрықша алғысымды білдіремін. Мені олимпиадаларға дайындап, сабақтан кейін қалып эссе жазуды, ойды жүйелеуді, мәтінді талдауды үйреткен өздеріңіз едіңіздер. Кейде өзіме сенімсіздік танытқан сәттерімде айтқан «Сенің қолыңнан келеді!» деген сөздеріңіз маған күш беріп, алға ұмтылуыма жігер қосты. Сіздер маған тек пәндік білім беріп қана қоймай, мақсат қоюды, еңбек етуді және өз мүмкіндігіме сенуді үйреттіңіздер.

Бүгінде Алматы қаласында еңбек етіп, жас ұрпаққа мемлекеттік тілді үйретіп жүргенімде, сол кездері маған берілген білім мен тәрбиенің мәнін бұрынғыдан да терең түсінемін. Кезінде қазақ тілін үйренуге мүмкіндік алған оқушының бүгінде сол тілді өзгелерге үйретіп жүрген ұстазға айналуы — мен үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік.

Қай жерде жүрсем де, білім жолыма бағыт берген жандарды, туған өлкемді және менің қалыптасуыма үлес қосқан ұстаздарымды әрдайым құрметпен еске аламын. Себебі ұстаздың еңбегі уақытпен өлшенбейді, ал жүрекке жол тапқан тәлім өмір бойы ұмытылмайды.

Мені мерекелік шараға шақырып, құрмет көрсеткен Қордай ауданының білім бөліміне шынайы алғысымды білдіремін. Осындай кездесулер туған жермен байланысты нығайтып, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте сезіндірді.

Құрметті ата-анам, аяулы ұстаздарым мен тәлімгерлерім! Маған берген білімдеріңіз, тәрбиелеріңіз, сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз үшін мың алғыс! Сіздердің еңбектеріңізді ешқашан ұмытпаймын. Бүгінгі жолым — сіздер жаққан білім шырағының жалғасы.

Барша ұстаздарға зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне толағай табыс тілеймін! Шәкірттеріңіздің жетістігі қуаныштарыңызға айналып, берген білімдеріңіз бен тәлімдеріңіз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.