«ҚҰДАША ҚЫЗ» ҚОРДАЙДА ТҮСІРІЛУДЕ

0

Бұл сөздер сарыбастаулықтар үшін қазір таңсық емес. Неге десеңіз, мұнда бір айға жуық уақыттан бері отандық «Құдаша қыз» атты телехикаяның түсірілім жұмыстары жүруде.

 

Сондықтан, жергілікті тұрғындарға көшеден танымал жұлдыздарды кезіктіру үйреншікті нәрсеге айналып үлгерген. Түсірілім тобын жылы қарсы алған ауыл халқы керек кезде оларға көмек қолын созудан тартынбайды. Ал біздің тілшілер үшін киелі Қордай жерінде түсіріліп жатқан туындымен, жалпы кино әлемімен жақынырақ танысу өте қызық. Осы мақсатпен өткен сенбіде жаңа фильм таспаланып жатқан Сарыбастау ауылына қарай жол тарттық.

Шығармашылық ұжым түсірілім жұмыстарын 23 мамырда бастаған екен. Алдымен Алматы қаласында жұмыстың 20 пайызын аяқтап, Қордай жеріне 5 маусым күні келіпті. Айта кетейік, телехикаяның бас режиссері Мақсат Оспанов, ал бас продюсері Қордай ауданының тумасы, «5-студио TV Production» компаниясының директоры Толқын Сейдоллақызы.

Мелодрамалық комедия жанрындағы туындыда Досжан Жанботаев, Нышанбек Жұпанаев, Жұлдызай Дүйсенбиева, Бахтияр Қожа сынды елімізге танымал актерлер бой көрсетеді. Басты рөлдердің бірін    Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев сомдайды. Досжан Әбдірәліұлы ауылдағы қара шаңырақтың иесі, құда баланың әкесін ойнаса, өзінің шынайылығымен көрермен көңілін баурайтын Жұлдызай Дүйсенбиева құда баланың әпкесінің рөлін сомдайды.Тағы бір айта кететіні, ауданда кастинг өтіп, кішігірім, эпизодтық рөлдерге актерлер іріктелген болатын. Ноғайбай ауылының тұрғыны Шахнияз осы кастингтен өтіп, аталмыш телехикаяда дебюттік рөлін сомдамақ. Айтпақшы, құдаша қызды ойнайтын басты рөлдегі актриса Ақнұр Рахаттың шыққан тегі де Қордайдан.

Фильмнің желісінде АҚШ-та білім алып, елге оралған бойжеткеннің ауылға сапары баяндалады. Хикая ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүр мен ауыл тынысына үйренісе алмаған құдаша қыздың қызықты әрекеттерімен өрбиді.Телехикаяның атқарушы продюсері Әдемі Нұрқасым Қордайда таспалау жұмыстарының екі айға созылатынын жеткізді. «Кино әлемінде «скаутинг» деген ұғым бар. Яғни, түсірілім жұмыстары басталмас бұрын, таңдаған ауылымызды алдын ала зерттейміз, 2-3 жолы келеміз. Түсірілім тобымен уақытша тұрақтайтын үй таңдаймыз, үй иелерімен сөйлесіп кетеміз. Сарыбастау ауылын біз әбден зерттедік. Аудан, ауыл әкімдігінің рұқсатынан кейін жұмысымызды бастадық. Сахналар тек Сарыбастау ауылында ғана емес, Әлжан ана ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де түсіріледі. Тағы бірнеше локацияны ауылдан біздің сахналық суретшілеріміз дайындауда»,-дейді атқарушы продюсер.

Біз көгілдір экраннан  актерлерді ғана көреміз. Ал оның ар жағында қаншама жанның еңбегі, төккен тері барына назар аудармаймыз. Түсірілім тобының ортасында жүріп, кино түсіру өте ауыр екеніне көзіміз жетті. Бір сахнаның өзін  түсіруге қанша уақыт, төзім әрі табандылық қажет. Алаңда жүрген әр адамның сол туындының ойдағыдай шығуына ықпалы зор. Фильмнің атқарушы продюсері Әдемі Нұрқасымның айтуынша, түсірілім алаңында 30-дан астам адам жұмыс істеуде. «Бізде режиссерлік департаменті, сахналық суретшілер, операторлық, дыбыстық, кастингтік, әкімшілік, костюмер – барлығы жеті департамент бар. Сонымен қатар, «крафт-сервис бөлімі» деген бар. Мұндағы қызметкерлердің телехикаяға тікелей қатысы болмағанымен, олар түсірілім алаңында маңызды орын алады. Крафт-сервис бөлімінің қызметкерлері әртістер мен түсірілім тобының қолдаушысы десек те болады. Өздеріңізге мәлім, кейде біз күн -түн демей түсірілімдерді жүргізе береміз, сол уақытта  алаңдағы адамдарды тамақтандыру, сусындарын уақытылы әкеліп беру – осы кісілердің міндеті»,-деп кино әлемінің біз білмейтін қырларын ашты Әдемі ханым.

Біз мейірім мен махаббатқа толы телехикаяның сюжетінен толықтай хабардар болдық. Бірақ, «сыр сандықты» ашпауды жөн көрдік. 36 сериялы жаңа туындыны  «Қазақстан» ұлттық арнасынан күзде, жаңа маусымда тамашалай аласыздар. «Құдаша қыз» — қордайлықтардың жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына бөленеріне сенім мол.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.