Балалар мен жасөпірімдер шығармашылық орталығы жанында «Balalive» жазғы лагері өз жұмысын жүргізуде. Жаз басталғалы мұнда көптеген балақайлар келіп, жазғы уақытын тиімді әрі көңілді өткізуде. Ендеше жазғы лагерьдің жұмысы жайында тоқталып өтсек.
Жаздың алғашқы күнінен-ақ қордайлық балғындарды құшақ жая қарсы алған «Balalive» жазғы лагерінде өз ісінің мамандары жұмыс істейді. Мұнда жатын орны жоқ демесеңіз қалғанының бәрі бар. Ерекшелігі бұл лагерьде әр күні әртүрлі сабақтар өткізіледі. Мәселен, күнделікті таңғы жаттығу жасап, әрмен қарай ой сергіту ойындары ойнатылады. Содан кейін, мұнда ән айту өнері бойынша ұстаздар сабақ өтеді. Онда балалар ән өнерімен жақынырақ танысып, музыкалық аспаптарда ойнауды үйренеді. Бұдан бөлек, қолөнер үйірмесі де оқытылады. Бұл сурет өнеріне қызыққан балалар үшін таптырмас мүмкіндік. Сабақ бойынша оқушылар арасында жиі жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, жазғы лагерьде демалушылар шахмат, сөз өнері, домбыра сынды өзге де үйірмелерге қатысып, демалыс уақыттарын тиімді өткізуде.
Аталмыш демалыс орнында көптеген ойын түрлерінен жарыстар өткізіліп тұрады. Балалар саябаққа, орталыққа арнайы барып, түрлі ойындар ойнап, командалық сайыстарға қатысып, жазғы демалыстарын естен кетпес жылы естеліктерге толтыруда. Бұдан бөлек, мұнда келетін балақайлар ауданның тарихи жерлерін тамашалай алады. Атап айтсақ, жуырда балалар Кенен ауылына барып, онда ақын атаның музейінде болды. Музейде сақталған Кенен Әзірбаевтың көзі тірісінде өзі пайдаланған дүниелерін көзбен көріп, естелік суреттерге түсті. Одан кейін, сонау бірінші ғасырда өмір сүрген Қордай батыр ескерткішіне де барып, ондағы өздеріне беймәлім мәліметтерге қанық болды. Осындай тамаша тарихи жерлермен танысқан бүлдіршіндер өздерінің алған әсерлерімен бөлісіп, «Balalive» жазғы лагеріне алғыстарын айтуда.