«Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ, қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра»,—
деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы мен дүниетанымын дәл суреттеп жеткізе алатын қоңыр үнді домбыра екені даусыз. Сан ғасырдың сипатын сыңғыр үнмен жеткізген ұлттық аспапты ұлықтау мақсатында Мемлекет басшысы 2018 жылы мерекелік күндер қатарын «Ұлттық домбыра күнімен» толықтырған болатын. Бұл жаңалық баршамыздың жүрегімізге жылы ұялап, жанымызды жадыратқаны жасырын емес. Міне, бес жылдан бері қазақ үшін орны ерек мейрам еліміздің түкпір-түкпірінде сән-салтанатымен атап өтіліп келеді. Оны ел болып тойлау арқылы халқымыздың рухын көтеріп, жас ұрпақтың бойына халқымыздың дәстүрлерін сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін арттырамыз.
Көне аспап халқымыздың қасиетті құралы ғана емес, қазақтың қилы тағдырын шанағынан өткізіп, талай тарихи кезеңдердің куәгері болған аспап. Домбыраның қалай пайда болғанына байланысты халық арасында сақталған түрлі аңыздар аса көп. Ең көне домбыраны түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы 10 жыл бұрын Моңғолия жерінен тапқан екен. Ғалымдардың түрлі еңбектеріне сүйенсек домбыра шамамен орта ғасырда пайда болған.
Сонау Кетбұғадан бері келе жатқан дәулескер күйшілеріміздің мол мұрасын бүгінде талай дарынды жастар жалғап, баға жетпес рухани байлығымызды дәріптеп келеді. Ауданымызда да қастерлі аспаппен әуелете ән, күмбірлете күй орындап жүрген өнерпаздар көп. Қордайлық жезтаңдай әнші Қарлығаш Қожағазинаның, өзіндік сара жолы бар айтыскер Күміскүл Сәрсенбаеваның, ауданымызға танымал Ұлан Әшімов, Қуаныш Ахметовтың, 35 жылға жуық аудан балаларына домбыра үйретіп келе жатқан Санат Баекеновтың есімдері әрдайым домбырамен қатар тұрады. Иә, қазақ пен домбыра бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғымдар. Өйткені, қара домбыраның қос ішегіне бүкіл қазақтың болмысы сыйып тұр.
Қордайлықтар биыл да Ұлттық домбыра күнін ерекше атап өтуде. Аудан тұрғындары «Домбыра – күй дастан» атты челлендж ұйымдастырып, халық композиторларының күйлерін нақышына келтіріп орындауда. Сондай-ақ, айтулы мерекеге орай 2 шілде күні Қордай ауылының орталық саябағында Қордай аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастыруымен «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» атты концерттік бағдарлама өтеді. Бұл күні аудан бойынша өзге де әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Ендеше, баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймыз. Домбыра жұртымызбен бірге мәңгі жасап, әр шаңырақтың төрінде ілулі тұрсын!
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ