Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы бойынша жиын өтті. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Расул Беделбаевтың төрағалығымен өткен жиынға «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейрманова, ауданның мәдениет, спорт, білім, журналистика, денсаулық сақтау салаларында қызмет атқаратын жастары қатысты. Келелі басқосуда «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының өкілі жамбылдық жастарға жеңілдетілген баспана несиесіне өтінім қабылдау басталғандығын хабарлап, оған қол жеткізудің жолдарын, бағдарлама шартына енгізілген өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
Биыл Жамбыл облысы әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ ЖОФ арасында 2023-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім жасалынып, бағдарламаға 2 млрд.теңге қаражат бөлінген. Айта кетейік, биыл 140 жасты баспанамен қамту жоспарлануда. «Осы жылы жоба талаптарында бірқатар өзгерістер бар. Мәселен, қарыздың ең жоғарғы сомасы биыл 13 млн. теңгеден 15 млн. теңгеге өсті. Еңбек өтілі бойынша балл қойылмайды. Қатысушының Банкке енгізген бастапқы жарнасының сомасы бойынша балл қойылмайды. Өткен жылы бағдарламаға бес саланың – денсаулық, білім, мәдениет, спорт, журналистика саласы қызметкерлері қатыса алатын болса, биыл бұл қатар дін саласымен толығып отыр. Сондай-ақ, биыл платформада өтінім берген кезде баспананың Жамбыл облысының кез келген ауданынан таңдауға еркіңіз бар»,— деген Жұлдыз Мейрманова бағдарламаның өзге де жаңашылдықтарына тоқталды.
Кездесу барысында қордайлық жастар нарықтағы үй бағасының қымбаттығы, төлем қабілеттілігін растау, өзге де жобаға қатысты туындаған сауалдарын жолдап, сала маманынан тиісті жауаптарын алды. Жиынды қорытындылаған аудандық жастар орталығының директоры Расул Беделбаев аудан жастарын өңірлік бағдарламаға қатысуға шақырып, облыс орталығынан келген сала мамандарына алғысын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау 20 шілдеге дейін жалғасады. Өтінімді e-jambyl.kz платформасы арқылы бере аласыз.
Сәуле Мұхадинқызы