АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН МӘМС ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

0

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында биылғы жылы ауыл медицинасы дамудың жаңаша жолына бет түзеді.

 

Ауыл азаматының науқастанып қалған жағдайдағы әрекеті, диагностика, дәрігер кеңесі немесе қымбат ота жасау қажет болған жағдайда ауыл тұрғындары қайда бара алады деген сұрақтармен Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Зәуреш Қадырбековамен әңгімелескен едік.

-Зәуреш Қалқаманқызы, ауылдықтар науқастанып қалып диагностика керек болған жағдайда не істеуі қажет?

-Жалпы, қандайда бір медициналық көмек қажет болған кезде алдымен учаскелік дәрігердің қабылдауына келу керек. Өйткені, өзінің жұмыс атқаратын бекітілген учаскесінде кім немен және қалай ауыратындығын жақсы біледі. Бұл үшін әрбір елді мекенде дәрігерлік амбулатория немесе медпункт бар. Қандай да шағым болса, науқас учаскелік дәрігерге хабарласуы керек. Науқастың жағдайын бағалағаннан кейін дәрігер оған ем тағайындайды немесе аудандық аурухананың мамандандырылған дәрігерінің кеңесіне жібереді. Шұғыл көмек қажет болған жағдайда науқасты жедел жәрдеммен ауруханаға жібереді.

-Мәселен, науқас травматолог дәрігерге жолдама алды делік, және сол дәрігерге кеңес алу үшін жазылуы керек. Мұны қалай істейді?

-Ол үшін аудандық аурухананың тіркеу бөліміне 7-90-37 телефоны арқылы немесе оның медициналық ұйымында енгізілген медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы арқылы жасауға болады. Егде жастағы адамдарға бұл мәселе бойынша ауылдық медбике жәрдем беруі мүмкін. Дәрігер қабылдауына жазылғаннан кейін пациент, егер сақтандырылған болса, қосымша диагностикадан өтеді. Оның нәтижелері бойынша ем тағайындалады, соның ішінде шұғыл емдеу де бар. Дәрігер науқасты госпитализациялау бюросы арқылы тіркеп қояды, одан соң операция күні таңдалады.

Қайсыбір бейінді маман болмаған жағдайда немесе қажетті диагностикалық қызмет болмаса, пациент бірлесіп орындау шарты бойынша оның ауруханасы жұмыс істейтін медициналық ұйымға жіберіледі. Сондай-ақ, міндетті медициналық сақтандыру бойынша қажетті қызметтерді көрсететін және Қордың дерекқорына енгізілген емхананы азамат өзі таңдай алады.

-Шарттың жоқтығын сылтау етіп, маман пациентке жолдама беруден бас тартуы мүмкін бе?

-Ондай құқықтары жоқ, өйткені жазылған жолдама және көрсетілген қызмет негізінде шарт автоматты түрде жасалады. Аудандық орталық аурухана толықтай УДЗ және рентген-жабдықтармен қамтамасыз етілген, толыққанды зертханалар жабдықталған. Екі жылдан астам уақыттан бері Қордай ауданында компьютерлік томография қызметі көрсетіліп келеді. МРТ аппараттары жайлы айтар болсам, олар қалалық клиникаларда бар, сондықтан мұндай зерттеу қажет болғанда ауылдықтарды қалаға жолдаймыз. МӘМС бойынша диагностикалау үшін де жақын күндерге жолдама қалыптастырылады.

-Ауыл тұрғындары үшін стоматология қызметтері қолжетімді ме?

-Ия, жоспарлы түрде МӘМС аясында 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер стоматологиялық қызмет ала алады. Жедел стоматологиялық қызметтер халықтың 10 санаты үшін қолжетімді: 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар; жасы бойынша зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; айналасындағыларға қауіп төндіретін жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар науқастар; жұмыс істемейтін, мүгедек балаға күтім жасаушылар; I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыссыздар. Бұл азаматтардың барлығы міндетті түрде сақтандырылуы керек, өйткені стоматологиялық қызметтер МӘМС тізіміне енгізілген.

— Науқасқа оңалту шаралары қажет болса, оны біздің аудандық ауруханада алуға болады ма?

-Ауылдық науқасқа медициналық оңалту қажет болса, курсты реабилитолог немесе дәрігерлер тобы тағайындайды. Күндізгі стационар деңгейінде оңалтудың үшінші кезеңі жүргізіледі. Ол физиотерапия жаттығуларын, физиотерапияны, уқалауды қамтиды. Дегенмен, емделушінің қалауы бойынша оңалту емін басқа қалада алуға болады. Бірақ алдымен таңдалған оңалту орталығының мүмкіндіктері мен кестесін нақтылау маңызды.

Өздеріңіз білетіндей, оңалту қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы көрсетіледі. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізуде. Операциядан кейін жүздеген мың теңгеге оңалтудан өтуді әркімнің қалтасы көтермейді, оның үстіне көбіне жыл сайын бірнеше оңалту курсынан өту қажет. Ал МӘМС бойынша сіз жоғалған қабілеттерді қалпына келтіріп, өмір сүру сапасын тегін жақсарта аласыз.

-Зәуреш Қалқаманқызы, сіздің мамандарыңыз аудандық баспасөз арқылы, аулаларды аралап, қоңырау шалып тұрғындарды скринингтік қаралуға шақыруда. Оны өту аса маңызды ма?

-Әрине, скринингтік қаралу – аурудың алдын алуда алғашқы қадам болып табылады. Соның арқасында кез-келген ауруды бастапқы кезеңде анықтап, емдеуді бастауға болады.

Шалғай ауылдарда тұратын тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін ауданда жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Оның көмегімен скринингтер, медициналық тексерулер, зерттеулер жүргізіледі, сонымен қатар сол жерде қажетті көмек көрсетіледі.

Жалпы, Қордай ауданы бойынша 2023 жылы 25352 адам профилактикалық тексеруден өтуі тиіс, оның ішінде: 18-29 жас аралығындағы 11300 адам бар. Бүгінге дейін 5775 адам қаралды, бұл 51,1% құрады. 30-70 жас аралығындағы 14052 адам өтуі тиіс болса, 8630 адам тексерілді, бұл 61,4%. Артериальді гипертензиясы бар 587 адам, асқазан-ішек жолдары ауруымен – 100, бүйрегінде дерт бар – 54 адам, 235 адамның сүт бездерінің қатерлі ісігі, бес адамда глаукома, 93 адамда  жатыр мойны обыры, КРР – 3, тыныс алу органдары аурулары – 6, бір адамның простата обыры анықталды. Қазіргі уақытта бұл адамдардың бәрі де ем алып жатыр.

Жоғарыда аталған жастағы адамдарға өздерінің тұрғылықты жері бойынша учаскелік терапевтке қайырылып, скринингтік қаралуға жататындығын анықтау керек. Профилактикалық тексеруден емханаларда өтуге болады, ал басқа елді мекендердің тұрғындары өз ауылындағы емдеу-профилактикалық мекемесіне жолығуы  тиіс.

-Сұхбатыңызға рахмет.

 Дайындаған Ләйлім Досембекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.