Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Күмекбай Эльдар Сабитұлымен сайлау науқаны кезінде дербес деректермен жұмыс тақырыбында жедел сұхбат.
— Эльдар Сабитұлы, сайлау науқаны кезінде дербес деректерді қорғау не үшін маңызды?
— Дербес деректерді қорғау – азаматтардың конституциялық құқықтарының бірі. Сайлау процесінде сайлаушылардың аты-жөні, мекенжайы, байланыс нөмірі сияқты мәліметтер қолданылады. Осы ақпараттың қауіпсіз сақталуы сенім мен ашықтықты қамтамасыз етеді.
— Қандай деректер дербес деректерге жатады?
— Дербес деректерге жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін барлық мәліметтер жатады. Мысалы: аты-жөні, ЖСН, тұрғылықты мекенжайы, телефон нөмірі және басқа да жеке ақпараттар.
— Сайлау учаскелерінде дербес деректерді қалай сақтау керек?
— «Дербес деректерді жою бойынша іс-шараларды жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі техникалық құжаттаманы бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік-техникалық орталығы директорының 2019 жылғы 31 қазандағы №58 бұйрығына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың сайлауға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін сайлау комиссияларына ұсынуы дербес деректер және оларды қорғау, ақпараттық қауіпсіздік туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Біріншіден, барлық құжаттар арнайы жауапты тұлғалардың бақылауында болуы тиіс.
Екіншіден, тізімдер мен құжаттарға бөгде адамдардың қол жеткізуіне жол берілмеуі қажет. Үшіншіден, қағаз және электронды форматтағы деректер қауіпсіз жерде сақталуы тиіс.
— Дербес деректермен жұмыс істеуде қандай қателіктер жиі кездеседі?
— Негізгі қателіктер – құжаттарды ашық қалдыру, бөгде адамдарға ақпарат беру, фотоға түсіріп тарату. Мұндай әрекеттер заң бұзушылық болып есептеледі.
— Бұл талаптарды бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған?
— Дербес деректерді заңсыз тарату немесе сақтау талаптарын бұзу әкімшілік немесе басқа да жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір комиссия мүшесі бұл талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
— Қорытынды ретінде не айтасыз?
— Сайлау науқаны кезінде дербес деректердің сақталуы – әрбір комиссия мүшесінің жауапкершілігі. Заң талаптарын сақтау арқылы біз сайлау процесінің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеміз.