Қордай өңіріне танымал балалар ұжымы — вокалдық өнер және хореографияны ұштастырған «Ромашки» вокалдық тобының құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде балақайлар қанша ән айтқанын елестете аласыз ба? Ал шеберлік биігіне көтерілу жолында қанша тер төгілді десеңізші?!
«Ромашки» тобы «Соседушки» аталатын Қордай халықтық фольклорлық ән ансамблінің балалар тобы және «Отечество» славян этно-мәдени бірлестігінің құрамына кіреді.
Ұжым жетекшісі Светлана Османованың айтуынша, «Ромашки» тобындағылар өз өнерлерімен адамдарды қуанышқа бөлеп, әнге деген құлшынысын арттыратын, ғажап, жарқын әрі дарынды әртістер.
-«Ромашки» балалар вокалдық тобы – бұл әр заманның, жанрдың, дәстүрдің әндерін орындайтын өнер ұжымы. Концертке келген қордайлықтар жас әншілермен қосылып ән салатынына осы жылдар ішінде талай мәрте көз жеткізіп жүрміз. Біз репертуарды толығымен жаңарттық, оның ішінде әр түрлі жастағы тыңдармандарды қызықтыратын әндер бар. Мемлекеттік тілдегі әндер орындаймыз, орыстың халықтық әндері, сонымен қатар заманауи, патриоттық, Отан туралы, Ұлы Отан соғысы жайлы әндер де бар, — дейді ұжым жетекшісі.
Светлана Османова мәдениет саласында 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Оның музыкант және өңдеуші ретіндегі жоғары кәсіби деңгейі осыдан 24 жыл бұрын — аз уақыт ішінде Қазақстанда кеңінен танымал болған «Соседушки» халықтық фольклорлық ән ансамблін құру кезінде көрінді.
Балалар тобын құру идеясы 2003 жылы туындады, сол жылы аудандық концерттердің бірінде Светлананың бес жасар қызы Анна және жиені Мария Смирнова «Ты, да я, да мы с тобой» аталатын балалар әнін орындаған болатын. Кішкентай қыздарды концертке дайындап, сахнадан көрген кезде ол балалар вокалымен айналысу ісі жанына жақын екенін түсінді. Көп ұзамай Юлия Пронникованы концертке дайындау барысында өз идеясын жүзеге асыруға бел буды.
Болашақ топтың тұжырымдамасын, оның репертуарын ойластырып, кастинг өткізуді бастады, балаларды тыңдады, сахнадағы жүріс-тұрысын бағалады.
10 жыл ішінде ұжым құрамы бірнеше мәрте өзгерді. Оның әрбір жаңаруы репертуар мен орындаушылық интерпретацияға жаңаша реңк әкелді, бірақ топтың өзгермейтін қасиеттері музыканттардың жарқын тұлғаларының, тембрлік палитраның өзіндік ерекшелігі мен дауыс шеберлігінің органикалық үйлесімі болып қала берді. 10 жыл ішінде ұжымда мықты әрі достық атмосфера қалыптасты. Топ мүшелері бос уақыттарын бірге өткізіп, қызықты іс-шараларға қатысады, музыка және вокал өнері туралы көп нәрсені үйреніп, жаңа достар тауып жатады. Жетістіктерге бірге қуанып, сәтсіздіктерде бір-біріне қолдау көрсетеді.
-2013 жылдан бастап біздің талантты балаларымыз: Юлия Пронникова, Виктория Чемакина, Виктория Шкляр, Виктория Рябошапкина, Виктория Бажок, Нұрсезім Сарсенбаева, Влад Лебедин, Татьяна Савченко бізді өнерімен қуантып келеді – вокалды топтың ең алғашқы құрамында осылар болған. Айтпақшы, кейін Татьяна Савченко «Соседушки» құрамына ауысты. Одан соң келесі жылдары басқа қатысушылар Мария Носоновская, Алина Сидорова, Эммануил Гук, Амирхан Замирхан, Даниил Кухаренко, тағы басқалары қосылды, — деп қатысушыларын жеке атап өтті Светлана Османова.
Светлана топқа өз балаларын да әкелді. Осы уақытқа дейін кіші ұлы Абдуллах Маметов концерттерге шығып жүрді, алайда физиологиялық өзгерістерге байланысты (дауысы өзгерген) топтан шығып кетті. Бір қызығы, топқа келген көптеген ұл балалар дауыс ерекшеліктері өзгеруіне байланысты топтан шығып кетеді екен.
Шығармашылық жалын ұжым мүшелерінің бір орнында тұрып қалмауға жетелейді – ерекше қойылымдар, әртістік шеберлік, қимыл-қозғалыс пластикасы, жарқын костюмдер – дарынды орындаушылардың барлық қойылымдары көрермен тарапынан жылы қабылданады, әр нөмір дүркіреген ду қол шапалақтаумен сүйемелденеді.
Топ репертуарында тыңдарман көңілінен шыққан әрі концерттерде қайталап орындауды сұрайтын әндер де бар, мәселен «Молодая лощадь», «Ай, будет круто», «Иван-Купала», мультфильм әндерінен попурри.
-Біздің әндерімізді тыңдап өскен жас ұрпақ интернационализм рухында тәрбиеленеді. Ән арқылы Қазақстанды мекендеген этностардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтеуге баулуға тырысамыз, — дейді С.Османова.
Көркемдік жетекшінің айтуынша, мұнда балалар кішкентай кезінен шұғылданады, дарынды балақайлар вокалдық өнер дағдыларын сіңіріп, нағыз әртіс болуға, әнді жеке және хормен орындауға үйренеді. Бүгінде топта 14 қатысушы бар, ең кіші қатысушы Дарьяна Сидорова небәрі 4 жаста болса, үлкендері 16 жаста.
Оның педагог ретіндегі ең маңызды міндеттерінің бірі – балаларға кәсіби дағдыларды үйрету ғана емес, сонымен қатар олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту болып табылады. Вокалдық шеберлікті арттыру өнер ұжымында әрдайым бірінші кезекте тұрады. –Ең қиыны – балаларды қызықтыру. Мен ән айтамын, сахнада өнер көрсетемін деп келетін балалар болмайды, әдетте, оларды ата-аналар алып келеді,-дейді «Ромашки» жетекшісі
Светлана Османова балаларға әрбір орындалған ән көрерменге қуаныш сыйлауы керек дегенді үйретіп келеді. Тыңдарман қошеметін сезінгенде балақайлардың қуанышы да арта түсетіні рас.
Ал, балалардың сахнада өзін ұстауды үйренуі үшін Светлана Османова дайындыққа көрермен ретінде «Соседушки» халықтық фольклорлық ансамблінің өкілдерін қатыстырады. Мұндай сабақтарда топ мүшелері тәжірибе жинақтайды, вокалдық және сахналық дағдыларын дамытады.
Сондай-ақ, топ жетекшісі Қордай ауданының тұрғындары үшін «Ромашки» тобының есептік концерттерін тұрақты түрде ұйымдастырып өткізеді. Жас орындаушылар өз өнерлерін көрсетіп, соңғы жылдағы жетістіктерімен бөліседі, мұндай концерттер есте қаларлықтай болып өтеді.
Ұжым басшысының кәсіби шеберлігінің, сезімталдығының, әркімге жеке көзқарасының арқасында балалар бірнеше рет әртүрлі деңгейдегі фестивальдар мен байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр. Олардың қоржынында көптеген марапаттар бар — Гран-при, алтын медальдар, кубоктар мен сертификаттар, дипломдар.
Светлана топ балалары туралы айта отырып, олардың әрқайсысының талантына тәнті болудан жалықпайды. Мәселен, Виктория Чемакина өзі ән жазады және гитарамен орындайды, Богдан Натальченко әртістілігімен ерекше, мәнерлеп өлең оқиды, Дарья Ищенко, Юлия Пронникова, Виктория Чудная сыңғырлаған дауысымен сахнаның сәнін келтіреді, Ксения Кравчук, Харламий Мироненко болса «Мама – ты мой рай» әнін орындағанда залдағы көптеген көрерменнің көзіне жас келтіреді.
Айтпақшы, балаларды концертке дайындауға, байқауларға қатысуға ата-аналар үлкен көмек көрсетеді. Аналар қыздардың шашын өріп береді, костюм тігіп, шайын беріп, қиын-қыстау кезде балаларға қолдау көрсетеді.
Жақында «Ромашки» балалар вокалдық тобының көркемдік жетекшісі Светлана Османованың 50 жылдығына орай мерейтойлық концерті өтті. Ал кештің басты әртістері оның шәкірттері болмақ.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА