АУДАН БАСШЫСЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудан аумағында жүріп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жауапты мамандармен және мердігерлермен кездесті. Алдымен аудан басшысы Күнтбатыс-2 ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Ауылдық клубта өткен жүздесуге аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, жауапты бөлім мен мекеме басшылары да қатысты. Бегзат Болатбеков кездесуді ашық диалог ретінде өткізіп, сұрақ-жауап арқылы жүргізіп отырды. Жиын барысында ауыл азаматтары атынан түскен сұрақтар аз болмады.

 Күнбатыс-2 тұрғындарын толғандырып отырған басты мәселелердің бірі ол — ауыз су жайы. Осыны ауыл азаматтары аудан басшысы алдында көтерді.

-Ауыз су мәселесі ауданымыз бойынша 14 ауылда әлі күнге өзекті болып отыр. Солардың қатарында Күнбатыс-2 де бар. Бұл мәселе кезең кезеңімен шешімін табады,— деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары жайылым, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, жастарға стритворкаут, шағын футбол алаңшаларын салу сынды сұрақтарын қойып, барлығына лайықты жауаптарын алды. Кейбір мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасарына және аталмыш ауыл құрамына кіретін Масаншы ауылдық округі әкімдігіне тапсырмалар берілді.

Келесі кезекте аудан басшысы Ауқатты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Құрылыс нысанының қазіргі жағдайы бойынша аудан әкімінің оранбасары Бақыт Сахатов және құрылысты қолға алған «Тараз-Ісмер» ЖШС өкілдері түсініктеме беріп, аудан әкімі жауаптыларға сапа мен мерзім жайында ескертулер айтты. Егер барлығы ойдағыдай болатын болса спорт кешені салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілетін күн де алыс емес.

Жұмыс сапарын Қарасу ауылдық округінде жалғастырған Бегзат Болатбеков ауылда бой көтерген спорттық-сауықтыру кешеніне барды. Бүгін-ертең ашылғалы отырған спорт кешені бойынша бірқатар ескертулер мен ұсыныстар да айтылмай қалмады.

Құрылыс жұмыстары мерзімінен біршама кешіккен кешенде әлі де болса қолға алу қажетті шаруалар бар. Аудан басшысы спорт нысанының жылыту қазандығын да барып көрді.

Жалпы жұмыстарды жүргізген «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС өкілдері мен жауапты мамандарға тағы да бір мәрте ескертулер айтылып, олқылықтарды жылдам уақытта жөнге келтіру бойынша тапсырмалар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.