ТҰРҒЫНДАР ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН

0

Жалпы «Ауыл аманаты» жобасының ерекшелігі ауыл тұрғындарына 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие беруге және ауылдарда жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беру. Жалпы, 7 жыл ішінде бағдарламаға 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтып және оларды кооперативтік кәсіпкерлікке тарту жоспары бар. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

Қазіргі таңда Қордай ауданы бойынша аталмыш жоба үш ауылда басталған. Кенен, Қарасу және Қаракемер ауылы тұрғындары аталмыш жоба жемісін көре алады.  2022-2023 жылдары Кенен ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға жалпы 455,7 млн.теңге қарастырылған. 2,5%-бен несиелендірілу жобасы 5 бағыт бойынша іске асуда. 1-ші  бағыт — үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, 2-ші бағыт — мал шаруашылығы,  3-ші бағыт — ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану,  4-ші бағыт кооперативтерді жабдықтау және 5-ші — бағыт өз кәсібін ашуға қолдау. Осылардың ішінде Кенен ауылы бойынша бірінші бағыт аясында  62 га жерге көкөніс егу жоспарланған. Екінші бағыт бойынша  бүгінгі күнге 342 млн. 700 мың теңгеге 96 өтінім тапсырылып, оның 73 адамы 340 млн. 890 мың теңгеге келісім-шартқа отырып несиелерін алып үлгерген.  Алынған мал саны тіркеуден өткен. Ал,  үшінші бағыт бойынша 250 га алқапқа арпа себілген.Төртінші бағыт — Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 53,8 млн. теңгеге 9 дана әр түрлі техника сатып алынған. Олардың  қатарында 2 трактор, 7 тіркеме агрегаттары бар. Бесінші бағыт — өз кәсібін ашу үшін 4 адам келісім шартқа отырып, жалпысы 34 млн. 400 мың теңге көлемінде несие алған.

Қарасу ауылдық округі бойынша  жоба аясында ауқымды жоспарлар жасалуда. Мәселен, 1-бағыт аясында  1251  ауланың 1188 ауласы қатысады, 238 га жер көлемі пайдаланылады деп жоспарлануда.  5 дана жылыжай,  1188 аулаға көкөністер егілмек. Мал шаруашылығы бағытын дамыту үшін  450  млн. 200 теңгеге жоспар бойынша 2004 мал басы сатып алынбақ.  Бүгінгі күнде 10 адам несие алып үлгерген.

Қаракемер ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға жалпы 814,3 млн. теңгеге 105 ауыл тұрғындарын 2,5%-бен несиелендірілу жоспарланған. Онда үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану 70% пайызға қамтылған. Яғни 150 ауланың 105 ауласы қатыспақ.

Жалпы жоспар бойынша 17,93 тонна өнім өндіріледі. Оның 30 % жеке тұтынуға яғни 5,379 тонна, 70% сатылымға шығарылмақ.

Мал шаруашылығы бағытын дамыту үшін 342,7 млн. теңгеге 2198 мал басы сатып алынған.  Оның ішінде 1329 бас  мүйізді ірі қара,769 бас қой, 100 бас жылқы бар.

Соңғы екі округте 4 және 5 бағыттар бойынша жұмыстар жалғасуда. Жыл соңына дейін «Ауыл аманаты» арқасында аталмыш үш ауылдың тұрғындары табысын арттырып, тұрмысын тіктеп алады, дегенге үміт басым.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.