Қордай ауданындағы ауылдық округтер мен елді мекен тұрғындарында қордаланған мәселе жетерлік. Осыған орай облыс әкімі жергілікті халықтың түйткілді мәселелерінен хабардар бола отырып, оларды шешу жолдарын қарастыру мақсатында қабылдау өткізген болатын. Аймақ басшысымен жеке кездескен бірқатар азамат осы дүйсенбіде аудан әкімі Бегзат Болатбековтың жеке қабылдауында болып, облыс басшысына жеткізген талап-тілектерінің орындалу барысымен танысты. Мәселен, Масаншы ауылының тұрғыны Саиюра Имарова Нұржан Нұржігітовтың қабылдауында үйін көгілдір отынмен қамтамасыз ету және аудандағы шекаралық өткізу пункттеріндегі кептелісті реттеу мәселелерін көтерген-ді. Бүгінгі таңда бұл азаматтың мәселесі оң шешімін тауып отыр. С.Имарованың үйі газ құбырына қосылып, газбен қамтамасыз етілді.
Екінші мәселесі бойынша, аудандағы мемлекеттік шекаралардағы бақылау өткізу пункттеріндегі азаматтар мен автокөліктер кептелісін азайту мақсатында арнайы блоктар қойылып, кептеліс ретке келтірілді.
Қабылдауда болған келесі азамат Лиоэр Сыгдже де үйіне газ құбырын жүргізу мәселесімен келіп, бүгінгі таңда оның өтініші орындалды. Ал Қарасу ауылының тұрғыны Галина Солоненко еңбек кітапшасында кеткен қателіктің салдарынан әлі күнге тиісті зейнетақы ала алмай жүргендігіне шағымданған. Осыдан кейін облыс әкімі заң талаптарына сай комиссия құрып, жауапты тұлғаларға зерделеу жүргізуді тапсырған болатын. Көп ұзамай Қарасу ауылы тұрғынының көтерген мәселесі шешімін тауып, бүгінде азаматқа зейнетақы тағайындалды. Аудан әкімі осы және өзге де халық өтініштерінің орындалуы бойынша азаматтарға заң тұрғысында түсініктеме берді.
Бегзат Болатбековтың қабылдауында болған басқа да тұрғындар азаматтық алу, жерді ішінара сату, үй құжаттарын рәсімдеу, т.б.өзекті проблемаларының қалай шешіліп жатқандығын аудан басшысының өзінен естіп, қанағаттанарлық жауап алды. Айта кетейік, жеке қабылдауға ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшылары қатысып, оларға нақты тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ, аудан басшысы әр азаматтың мәселесі жіті бақылауда болатынын жеткізді.