КӨКПАР ТАРТЫП, БӘЙГЕ ШАПТЫ

0

Сенбі күні Қордай ауылындағы Ноғайбай би атындағы атшабарда ауданының 95 жылдығына арналған ұлттық ат спортынан жарыс өтті. Білекті де белді көкпаршылар және сәйгүлігін сайлап келген атбегілер осы күні жарыс көрігін қыздырды. 

Өткен аптаның басында бірнеше команда көкпардан сынға түсіп, финалға шыққандар осы күні кім мықтыны анықтады. Қордай мен Степной ауылының көкпаршылары бірінші орынды сарапқа салды. Аты күшті, тақымы мықты, ерік-жігері өлшеусіз жігіттер барын салды. Бірінші таймда екі ұпай жинаған степнойлықтар екінші таймда да шабуылды бір бәсеңдеткен жоқ. Дейтұрғанымен, намысқа тырысқан қордайлықтар бір салым салып, есеп басын теңестіруге шақ тұрды. Бірақ, белгіленген уақыт соңына жеткенше есеп өзгермей Степной ауылының көкпаршылары турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды Қордай, үшінші орынды Шарбақты ауылының көкпаршылары тақымға басты.  Ұйымдастырушылар тарапынан барлығына қаржылай сыйлықтар мен дипломдар берілді. Жалпы осы күні Қордай аудандық ат спорты федерациясы жарысты ұйымдастыру жағынан көп жылдық тәжірибесіне сүйене отыра өткізіп, жоғары деңгейде өтуіне үлкен ықпал еткенін айта кеткен жөн.

Көкпардан кейін жиылған көпшілік асыға күткен бәйгеге кезек берілді. Құнан бәйге 4 айналым, жалпысы 12 шақырымға шауып, 7 орынға дейін бәйге берілсе, 21 шақырымға шапқан аламанда да 7 орынға бәйге берілді. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар ұсынылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.