АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0

Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Мұғалімдер күні мерекесіне орай аудандағы ардагер-ұстаздарды арнайы құрметтеп, олардың өздерінің шаңырақтарына барып, жылы лебізін білдірді. Бұл ізгі іс-шара ерекше мәнді әрі жүрекжарды, себебі білім саласының майталмандарын құрметтеп, олардың еңбегін бағалау – дәстүрлі мереке маңызын арттырады.

Бастапқыда аудан басшысы №3 Абай Құнанбаев атындағы орта мектептің ұстазы, бастауыш сынып мұғалімі ретінде көп жылдар еңбек еткен Мая Искаковаға ат басын бұрды. Мая апайдың ұстаздық жолы – әуел баста балаларға алғашқы білім нәрін ұсынумен қатар, олардың бойына ізгілік, достық пен адамгершілік қасиеттерді дарыта отырып, оқушылардың тұлға болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан өнегелі ғұмыр. Әкім Мая Искакованы мұғалімдік қызметінде көрсеткен адал еңбегі мен табандылығы үшін жоғары бағалап, оған ұзақ өмір, зор денсаулық, отбасының жылылығын сезініп, бақ-берекелі өмір сүруін тілеп, арнайы құрмет көрсетті. Ол өзінің мыңдаған баланың жүрегіне білімге деген құштарлық пен ұлағатты ұғымдарды сіңіргенін мақтан тұтады. Бегзат Сейсенқұлұлының қызмет бабында әрқашан білім саласына ерекше көңіл бөліп, ұстаздарды ардақтап, олардың еңбегін бағалау ісін өзінің негізгі мақсаттарының бірі санауы айрықша маңызға ие. Осы ретте ол әрі қарай, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған және білім саласында көптген шәкірт тәрбиелеген №3 Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Сайма Амирханованы құттықтауға аттанып, онымен де жылы жүздесті. Әкімнің ардагер ұстазға деген құрметі мен алғысы шексіз. Ол Сайма апайға гүл шоқтарын ұсынып, арнайы сый-сияпат табыстады. Сонымен қатар, аман-сау болуды, әлі де көп жылдар шығармашылық пен өмірлік тәжірибесін жас ұстаздармен бөлісіп, білім саласының дамуына үлес қосуын тілеген жылы лебізін жеткізді.

Бұл жолы ардагер ұстаздармен кездесу барысында сөз алған Сайма Амирханова өзінің ұстаздық қызметіндегі бай тәжірибесі мен қиыншылықтары жайлы терең ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, әрбір ұстаз өзінің шәкірттеріне жауапкершілікпен қарап, олардың өмір жолына бағыт-бағдар берумен қатар, үлкен өмір мектебінің қыры мен сырын үйретеді. Ол ұстаздық мамандыққа адалдық пен махаббаттың ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың бұл бастамасы ұстаздардың еңбегін бағалаудың, оларды құрметтеудің және мереке қарсаңында мерейлерін үстем етудің көрінісі.

Осындай жылы сәттер мен құрметтер мұғалімдер қауымының беделін арттырып, олардың шығармашылық пен еңбекке деген қызығушылығын жаңартып, ауданның білім беру саласын одан әрі дамытуға шабыт берері сөзсіз.

Әділет КҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.