ЕЛДІКТІҢ ЕҢСЕЛІ МЕРЕКЕСІ

0

Қордай аудандық Мәдениет үйінде 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты мерекелік шара өтті. Ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылған тағылымды кеш елдік пен егемендікті ұлықтап, халқымыздың бай тарихын, рухани құндылықтарын және тәуелсіздік жолындағы асыл мұраттарын дәріптеуге арналды.

Мерекелік жиынға жиналған қауым елдіктің еңсесін көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын ерекше рухты сезінді. Салтанатты шараның шымылдығы халқымыздың көне тарихы мен көшпенділер өркениетінің бай мұрасын бейнелейтін «Ұлы дала рухы» атты хореографиялық композициямен ашылды. Халықтық «Махаббат» би ансамблі орындаған әсерлі қойылым көрермендерді қазақ даласының сан ғасырлық тарихына жетелеп, ұлттық болмысымыз бен мәдени мұрамыздың тереңдігін көрсетті. Сахна төрінде орындалған би композициясы арқылы ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрі, кең байтақ даланың рухы мен ұрпақтар сабақтастығы көркем тілмен өрнектелді. Одан кейін сахнаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы әкелініп, еліміздің Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Бұл сәт жиналған жұртшылықтың бойында Отанға деген мақтаныш сезімін ұялатып, ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті айшықтай түсті. Республика күні – халқымыздың мемлекеттілік жолындағы тарихи таңдауын айғақтайтын, елдігіміз бен егемендігіміздің қадір-қасиетін ұлықтайтын қастерлі мереке. Қазақ халқының мемлекеттілік тарихы тереңнен бастау алады. Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығынан бастау алған елдік дәстүр ғасырлар бойы жалғасып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына негіз болды. Азаттықты аңсаған ата-бабалардың арманы жүзеге асып, еліміз әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар тәуелсіз мемлекетке айналды. Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл аудан тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, мерекенің тарихи мәніне тоқталды.

«Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен аудан әкімі Бегзат Болатбековтың атынан шын жүректен құттықтаймын! Республика күні – мемлекеттілігімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін, елдігіміз бен бірлігімізді айшықтайтын қастерлі мереке. Тәуелсіз еліміз – ата-бабамыздың асыл арманы, ал оны сақтау мен нығайту – баршамызға ортақ міндет», — деді ол.

Сондай-ақ Нұрболат Ақынғалиұлы елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге тоқталып, мемлекет дамуының басты бағыттары жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси жаңғыру мен ауқымды реформалар жүзеге асырылып, заң үстемдігін нығайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуде.

«Осы өзгерістер аясында алдағы 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауы да жергілікті басқару жүйесін жетілдіруге және өңірлердің дамуына ықпал ететін маңызды саяси науқан болмақ. Ел дамуының негізі – халықтың бірлігі мен ортақ іске деген жауапкершілігі. Бұл ретте Қордай ауданының тұрғындары да туған өлкенің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді», — деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.

Мерекелік шара барысында еңбегімен елге үлгі болып жүрген түрлі сала мамандары мен ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Олар ауданның дамуына қосқан үлесі, өз саласындағы адал қызметі мен қоғам игілігі жолындағы еңбегі үшін аудан әкімінің «Алғыс» хаттарымен және «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.

Шара аудан өнерпаздарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.