Өнер деген өрісті өлкеде өзінің сара жолын салып, даңғазалыққа емес қарапайымдылыққа жол салған, артынан шәкірт ертіп, тәрбие мен тәлімге мән берген жандар баршылық. Солардың бірі бүгінгі таңда Қордай ауылындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының директоры орынбасары қызметін ұзақ жылдан бері атқарып келе жатқан Ержан Атамқұловты
айтуға болады.
Қарапайым отбасында дүние есігін ашқан Ержан Әлімбекұлы да асқарлы 60 жасқа құрық салды. Мектеп жасынан ән айтып, түрлі үйірмелердің белсенді қатысушысы болғанын, зілі жоқ әзіл мен қалжыңға жақын болғанын бауырлары мен туыстары әлі күнге жыр қылып айтады. Табиғаты көркем, суы мөлдір Шарбақты ауылында дүниеге келген Ержан Атамқұлов негізгі білімді ауылындағы Нығмет Сауранбаев атындағы мектептен, кейін Қордайдағы Абай атындағы орта мектепте орта білім туралы аттестатын алып, арман жолында Бішкек қаласындағы Қырғыз мемлекеттік институтына түсіп, 1984 жылы «Мәдени ағарту ісі және хор жетекшісі» мамандығы бойынша дипломдық жұмысын қорғап, мәдениет саласының маманы атанды. Алғашқы еңбек жолын қазіргі Кенен ауылында музыка мектебінің директоры қызметін атқарудан бастайды. Шындығына келер болсақ, сол мектепті ашып, балаларды музыкаға өзінің әріптесі, белгілі домбырашы Санат Баекенов екеуі баулиды. Осының арқасында ауылдың қара домалақтары музыка тілімен айтқанда нота танитын маман болып шығады. Олардың қатарында қазір есімі елге таныс өнер жұлдыздары да бар. Өнердің киелі тамшысы тамған Кенен ауылында Ержан аға жүздеген шәкірт тәрбиелеп, өсірді. Алғашқы жылдары жездесі мен әпкесінің үйінде жатып, еңбек еткен уақыт, одан кейін сол ауылда өз алдына отау құрып, шаңырақ көтергені, жастықтың жалынды жылдары мен жалынды жырлары әлі күнге есінен кетпек емес. Ол бір шуақты күндер еді, деп еске алады кейіпкеріміз. Сондай-ақ, үлкен өмірге жолдама берген өнер ауылына деген алғысы шексіз. Содан болар, әлі күнге Кененге бара қалса құшақ жая қарсы алып, өткен-кеткенді бірге еске алатын жандар, сол жылдары сол бір музыка мектебінде білім алған азаматтар кездесіп, қуанышпен қауышып жатқаны.
Өмір көші алға қарай дөңгелей берді. Кенен ауылынан Қордайға қоныс аударған соң, түрлі қызметтер атқарып, барлығында да абырой бигінен көріне білді. 2004 жылдың қыркүйек айынан бастап Қордайдағы «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында» директордың оқу- тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне орналасады. Бұл орын Ержан Әлімбекұлының нағыз қанат жаюына себепкер болды. Орынбасарлықпен қатар «Вокал» үйірмесін жүргізіп, әншілікке құмартқан қаншама қордайлық балапандарды баптап шығарлы. Олардың алды қазір республикаға танымал, ал кейбірі ұстазымен бірге бір шаңырақ астында еңбек етіп жүр. Жас мамандарға жасаған қамқорлығы қаншама.
«Шәкірттерім көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанды. Бүгінгі таңда алдағы ағалары мен әпкелерінің жолын жалғаған Кәусар Нұрланқұл, Айсұлтан Акенбай, Нұрай Қуандық және тағы басқа оқушылар менің нағыз мақтанышым», — дейді Ержан аға.
Тағы бір атап өтпеске болмайтын жай, Ержан Атамқұловтың актерлік дарыны. Ауданда ұйымдастырылатын түрлі театрландырылған қойылымдарда абыз ақсақал болып, талай бабалардың рөлін сомдаса, жыл сайын Жаңа жыл мерекесінде Аяз ата болып, балаларға тәтті тарататын, әдемі әнімен көпшілікті баурап алатын да осы Ержан аға. Жақында ғана Қордай ауданының 95 жылдығына орай өткен үлкен шарада да осындай образымен ерекше көзге түсті.
Жалпы, Ержан Әлімбекұлының ауданның мәдени және білім саласына сіңірген еңбегі орасан. Түрлі байқауларда балаларды жанына ертіп, олармен Қазақстанның түкпір-түкпіріне, тіпті шет ел асып, байқауларға бірге қатысып, үнемі жанашырлық танытып жүргені. Сол байқаулардан құры алақан қайтқан кездері де болмаған. Оған түрлі марапаттары мен медальдары дәлел. Аудандық, облыстық деңгейдегі өзіне жекелей берілген марапаттары қаншама. Былтыр ғана облыс әкімдігінің Білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болды. Бұл 37 жыл ауданның білім саласына сіңірген еңбегіне берілген жақсы баға деп түсіндік. Сонымен қатар, Ержан Әлімбекұлы ұзақ жылдар аудан орталығында өтетін «Жас жол инспекторлары» байқауына да белсене қатысып, үздіктерді анықтауда сүбелі үлес қосып келеді.
Жұбайы Гүлмира Атамқұлова да бар саналы ғұмырын мектепке дейінгі тәрбиеге арнаған жан. Екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкені Замир Астанада қызмет бабымен болса, кішісі, қолқанаты Олжас қазір жанында, бір мекемеде әке жолымен еңбек етуде. Олжас та қазір ауданның мәдени өміріне белсене араласып жүрген жан. Әкесінің 60 жасқа толған күнінде ол шаңырақ көтерді. «Баланың тойы менің тойым. Ең бастысы ізімізді жалғайтын ұрпақ, жастар аман болсын», — дейді Ержан Әлімбекұлы.
Шағын ғана Шарбақтыдан түлеп ұшқан, ауданымыздың мәдениет пен білім саласына сүбелі үлес қосып келе жатқан Ержан ағаға қанатыңыз талмасын, мерейіңіз әрдайым үстем болсын, деген тілегімізді біз де айтамыз.
Жандос Омаров