Өткен аптада аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Оған себеп – жақында облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан екі адамның өлімі орын алды. Бұл инфекциялық дерт еліміздің бірнеше аймақтарында тіркелген. Осыған байланысты күні кеше Президенттің төрағалығымен қауіпсіздік кеңесінде және облыс әкімінің төрағалығымен өңірлік жедел штаб отырысында қауіпті індет жайы талқыланды. Осы ретте де ауданда қауіпті аурулардың алдын алу шаралары бойынша жиын өтті.
Қордай ауданында сібір жарасы немесе оған күдікті жағдайлар адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарлары арасында тіркелген жоқ. Қордай ауданы аумағында 15 Сібір жарасының тұрақты стационарлы-қолайсыз пунктері бар. Ендігі ретте, аталған індеттердің ауданда таралмауының алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс. Осы туралы айтқан аудан әкімі сөз кезегін ветеринариялық станциясының директоры Ғ.Сабралыға және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы М.Асаровқа берді. Олар аудандағы эпидемиологиялық ахуалды баяндап, проблемалық мәселелерді атап өтті. Олардың сөзінше, эпидемиялық жағдайдың нашарлануына малдардың ветеринарлық тексерусіз және де мәжбүрлі түрде сою жағдайлары тікелей әсер береді. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы малдарының қозғалысы және тасымалдануы кезінде қадағалауды күшейту керек. 2023 жылы облысымызда 30 адамнан қауіпті індет жұқтырып алуы мүмкін деген күдік туды. Олардың барлығы мал союға қатысқан. Сол үшін қасапханалардағы санитарлық нормаларды қатаң сақталуын, вакцинациялаудың жүргізілуін қадағалау қажет. Аудандағы елді мекендерде кенелерді жинап, зертханалық тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
— Өздеріңізге белгілі Қордай ауданы эндемиялық аумаққа жатпайтын аудандардың бірі болса да, босаңсуға жол берілмейді. Ветеринариялық бақылауды және халық арасында қауіпті індеттің зардаптары, жұқпалы аурудан сақтану жолдары жайында ақпараттандыруды күшейту қажет, — деген аудан басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, сібір жарасына тоқталып өтсек, ол – адамдар мен жануарлар үшін ортақ, зооантропонозды аса қауіпті ауру, қоздырғышы байланыс механизмімен беріліп, белгілі бір жағдайларда спора түзуге қабілетті болып келеді. Сібір жарасы коздырғыштары топырақта ұзақ жылдар бойы сақталады. Негізгі инфекция көздері ауру үй жануарлары – ірі және ұсақ мүйізді малдар, шошқалар, жылқылар, түйелер болып табылады. Сау малдар жайылымдарда сібір жарасы қоздырғыштары бар топырақтан ауру жануарлардың нәжістерімен ластанған шөпті қорек ету арқылы жұқтырады.
Көптеген жағдайларда адамдарда сібір жарасы ауруы малды сою және етін жіліктеу кезінде зақымдалған тері арқылы қоздырғыштың енуі нәтижесінде, сондай-ақ ауру малдардан алынған еттері мен шикізаттары арқылы жұқтыруынан туындайды. Адамдарда аурудың алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 2-8 күннен кейін байқалады. Ауру әртүрлі клиникалық формаларда – терілік, асқазан-ішек, өкпелік түрде өтеді.
Адамдарда сібір жарасының терілік түрі анағұрлым жиі кездесіп, көр шиқанды (карбункул) түрінде болады. Көр шиқан көбінесе дененің ашық жерлерінде: бетте, мойында, қолдарда пайда болады. Науқастар ауырған кезде бас ауруына, шаршау, әлсіздік, ыстығының көтерілуіне шағымданады. Сібір жарасы ауруының өкпелік түрі өте ауыр өтеді. Қатты қалтырау, ентігу, терінің көгеруі, қанды қақырықтың бөлінуі болады.Сібір жарасы ауруының асқазан-ішек түрі білінбей дамиды және құсу, қан аралас іш өтудің пайда болуы кеш белгілері болып табылады.