Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Дамира Сүгірбайдың жүргізуімен өткен жиынға Қордай ауданы прокуратурасының прокуроры И.Ерланұлы, қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.
Жиын барысында күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша жауапты комиссия мүшелері баяндама жасады. Алғашқы хабарламаны Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі жасап, 2023 жылға Қордай ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына белгіленген квотаны орындау туралы кеңінен тоқталды. «Қордай ауданында 2023 жылдың 10 қазанына пробация қызметінен есепте тұрған 32 азамат бойынша хат түскен, оның ішінде 13 азамат тұрақты жұмысқа жолданды, 7 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа жолданды, 2 азамат өз бетінше жұмысқа тұрды, 2 азамат «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік оқу курстарын аяқтап, тиісті сертификаттарымен қамтамасыз етілді. 1 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға душар болған бас бостандығынан айыру орындарынан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға да әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, наурыз айында бас бостандығынан босап шыққан 7 азаматқа 15 АЕК көлемінде жалпы сомасы 362,2 мың теңге бір жолғы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылға аудан бойынша квота белгілеу мақсатында аудан бойынша тіркелген кәсіпорындар мен мекемелерінде бос жұмыс орындарын анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында аудан бойынша 5 мекемеде 5 жұмыс орындарына квота белгіленді»,-деді маман.
Келесі кезекте Қордай аудандық пробация қызметінің бастығы Ғ.Әбдіразақов сөз алып, аудандық пробация қызметінің 2023 жылдың 9 айында әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша атқарған жұмыстарына тоқталды. «2023 жылдың 9 айында 82 азамат есепке қойылып, барлық азаматтарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек бағдарламасына сай психологиялық көмек көрсетілді. Аудан көлемінде пробация есебінде тұрған сотталғандарға қатысты жұмыспен қамту орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тоқсан сайын өткізіліп, нәтижесінде 7 сотталған жұмысқа орналастырылды. Қазіргі таңда пробация есебінде тұрған 4 азамат жұмыссыз ретінде есепте. Жыл соңына дейін аталған санаттағы сотталғандар жұмыспен қамтылатын болады», — деп есеп берді Ғ.Әбдіразақов.
Комиссия төрайымы Дамира Сүгірбай отырысты қорытындылай келе, тиісті сала басшыларына пробация қызметінде есепте тұрғандарға құқықтары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды жұмыспен қамтудың, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағыттарының шараларына белсенді қатыстыруды тапсырды.