ҚОРДАЙДА 100 ОТБАСЫҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

0

25 қазан Республика күні мерекесінің қарсаңында Қордай ауылында жаңадан бой көтерген 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл күні баспана кезегін тағатсыздана күтіп келген 60 отбасы қуанышқа бөленді. Қоныс иелерін аудан әкімі Бегзат Болатбеков арнайы барып құттықтап, пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Бүгінгі таңда тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, Қордай ауылында аз уақыт ішінде жаңа көпқабатты ықшам аудан бой көтергеніне көпшілік куә. Бүгінгі қоныс той соның айғағы. Мердігер «Сырым Блеке» ЖШС салған жаңа үйде өмір сүруге барлық жағдайлар жасалған. Оны үйді аралап көрген, осында қоныстанып отырған қордайлықтар да айтуда.

Ашылу салтанатында жаңа ықшам аудан ән мен жырға бөленді. Көпшілік қуанышты көңіл-күймен құттықтаулар және ізгі тілектерді естіп, алғыстарын да жеткізді.

— Халықты алаңдатқан тұрғын үй мәселесі Қордай ауданында да жыл өткен сайын кезең-кезеңімен шешімін табуда, оған баршамыз куәміз. Бүгінге дейін ауданымызда 2347 азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, бұл тізім бүгін 60 отбасыға қысқармақ. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, жыл соңына дейін тағы 3 тұрғын үйден 150 отбасыға баспана кілті берілетін болады. Айта кету керек, ауданның жомарт жандары да халықтың әлеуетінің артуына барынша үлес қосуда. Жыл басынан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігімен 14 отбасы баспаналы болса, жыл соңына дейін тағы 6 отбасыға үй беріледі деп жоспарлануда. Бүгінгі жаңа пәтер кілтін алған отбасыларға қоныстарыңыз құтты болсын дегім келеді. Осы шаңырақ сіздерге бақ-береке, ырыс әкелсін, — деген аудан әкімі алғашқы пәтер кілтін иесіне табыстады.

Осы күні мерекеге орай Цемзауыт ықшам ауданында 40 пәтерлі көп қабатты үй тұрғындарға табыс етілді.

Жаңа пәтерге ие болғандардың дені әлеуметтік осал санаттағы отбасылар, осыған дейін кезекте тұрған жандар.

Бұл шара мемлекеттің тұрғындарға деген қамқорлығының бір дәлелі. Әсілі, осындай қолдау еселене берсін дейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.