ҚАЗАНЫ ТОРҚАЛЫ ТОЙМЕН ШАТАСТЫРМАЙЫҚ

0

Күллі жаратылыс атаулы – Алла тағаланың шексіз шеберлігінің керемет туындысы. Осы жаратылыс атаулының ішінде Алла тағала жер бетіне өзінің халифасы етіп адам баласын тағайындап, күллі игіліктерді оның қызметіне ұсынды. Хақ тағала адамға ерік берумен қатар, оған жауапкершіліктер де жүктеді. Сол жауапкершіліктердің бірі – Жаратқанның сыйға тартқан сансыз нығметтерінің қадірін біліп, оңды-солды шашпай, шүкіршілік ету. Ислам шариғаты жеке құқыққа ерекше мән берген, алайда қоғам мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қойып, оған қиянат жасамауға шақырған. Шариғаттың тыйған нәрселерінің бәрінен осы ұстаным анық көрінеді. Ислам шариғатында қоғам өміріндегі баяндылықты сақтау тетіктерінің бірі – жеке баспен қатар қоғамға ауыр кесірін тигізетін ысырапшылдыққа тыйым салу. Ысырапшылдық – Хақ тағала қаламайтын іс. Сондықтан Құран кәрім мен пайғамбарымыздың асыл сүннетінде ысыраптан тыятын көптеген ұстанымдар бар. Осы ұстанымдар тек мұсылман қауымына ғана емес, күллі адамзат үшін аса маңызды болып табылады. Мұны қазіргі таңда алқымнан алған экономикалық дағдарыс кезінде анық сезудеміз.

Ысырапқа тыйым салынудың негізгі себебі материалдық игіліктердің адам тіршілігіндегі қадіріне байланысты. Ол адамға берілген нығмет болғандықтан оны мақсатсыз, мөлшерінен тыс қолдану күнә ретінде саналған. Қазіргі таңда ысырапшылдық адамзатты тығырыққа тіреуде. Бұның астарында дүниеге деген көзқарас пен соған сай қалыптасқан сана жатыр. Ысырапкершілік тіршілігіміздің барлық саласына әбден сіңіп кетті.

Иә, тіршілік бар жерде қаза бар екендігі хақ. Бұл ата-бабамыздан, дінімізбен қатарласа келе жатқан салт-дәстүрлер.

Расында, ата-анасы, туған-туысы қайтыс болған жан – ол қайғылы адам. Қалай десек те, қайғы адамның жүрегіне салмақ түсіреді.

Қазіргі кезде еліміздегі мұсылмандар арасында қайтыс болған адамды жерлеудің жөн-жосығы әрқалай. Оның басты себебі – қазақ халқын діни сауатсыздық билеген кездегі Ислам дінінің жан-жақты тоқырауға ұшырап, діни ғұрыптардың түрліше өзгеріп қалыптасуы. Осы күні марқұмды жөнелтудегі орынсыз жасалатын жоралғыларды доғару, ысырапқа жол бермеу, мәйітті шариғат жолымен жерлеу үшін белгілі бір жұмыстардың жүргізілуін уақыттың өзі талап етуде.

Халық арасында «анау айтты, мынау айтты» деп қолдан жасап алған кәделеріміз жоқ емес. «Өйтпесек болмайды, ұят болады» дегенді желеу етіп, жылқы немесе ірі қара мал сойып, аста-төк дастархан жаюдан басталатын жаназада қайғы құшқан отбасы шашылып-төгіліп, ысырапшылдыққа жол беріп жатады. Оны көрген басқалар да «Мен одан кеммін бе?» немесе «Ертең сөз болады» деп, астамшылыққа барады. Сөйтіп, өлік жөнелтуді бәсекеге айналдырып алған жайымыз бар.

Қазалы үйге көңіл айтуға барсаң кейде жақындарының біреуі жылқы іздеп, екіншісі кафе іздеп, үшіншісі  базарлап кеткенін көзіміз көріп жүр.

Мәйітке арнап қырқын және жылын беру үшін үлкен дастарқан жаю әдетке айналса да, ол міндет деп қаралмайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам Алланың алдында күнәһар, мәйітке қарыздар болып қалмайды. Дегенмен, жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екені даусыз. Қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал.

Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да, туған-туыс, жора-жолдастарын жинап, ас беруге де шариғат қарсы емес. Дегенмен, дінімізде шамаң жетпесе де, міндетті түрде қарызданып, артық шығын жұмсап, өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Садақаны әркім шама-шарқына қарай береді. Ас берілсін, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Мәселе сол дастарханның аста-төгінде. Тәттінің неше түрі, жеміс-жидек, тіпті салатқа дейін қойылатынын көріп жүрміз. Біз бұл арада қаралы қазаны торқалы тоймен шатас-тырып алғандаймыз. Бұл бар адам үшін түк те емес, ал жоқ адам үшін қасіреттің үстіне үлкен ауыртпалық түсіреді және ысырапшылдыққа жол беріледі. Жалпы, дінімізде ысырапқорлық – үлкен күнә болып саналады. Қаралы дастарханды бәсекеге айналдырмайық, ағайын!

Бүгінгі күнде осындай жауапты жөн-жоралғыларды  діни сауатсыз адамдардың өткізіп, тіпті ауданымыздың тұрғылықты адамы емес, сырттан келген азаматтар өткізіп жүргені белгілі. Ауданымызда Аллаға шүкір діни сауатты имам-молдалар тұрғанда, тіпті шетелден келіп, ел арасында алауыздық туғызып, діннің қағидаларын өз елінің ұстанымы бойынша  өз беттерінше түсіндіріп жүргендері бар. Елімізде Мемлекет басшысының қолдауын тапқан жалғыз ислами діни ұйым ол Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы, еліміздің мұсылмандарының қара шаңырағы, ал жергілікті мешіттегі имамдар сол ҚМДБ-ның ауыл-аймақтағы өкілдері. Сондықтан атам қазақ айтқандай «торғай сойса да қасапшы сойсын»-дегеніне сай діни рәсімдерді өткізуге тек ҚМДБ сараптамасынан өткен имам-молдалар ғана атқара алады. Бұл шариғаттың да, заңның да талабы.

Сөз соңында айтарым, ел ішінде етек ала бастаған осындай келеңсіз жағдайларды тоқтатуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, мешіт имамдары, ел ағалары, белсенді ақсақалдарымыз белсене араласып, осы мәселені бір ретке келтіруге бар күшімізді салайық!

Біржан Әлімбет, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.