Қазіргі кезде еңбектеген сәби мен еңкейген қартқа дейін өз құқығын біліп, оны қажетіне сай қолдана білуі керек. Сонымен қатар, адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын заңдарды білуі қажет. Иә, бұл заман талабы. Себебі, адам түрлі жағдайда өмір сүреді: отбасында, жұмыста, мектепте, көпшілік жерде. Ал, қоғамдағы адамдардың өзара қатынасын реттеп отыратын, қорғайтын нормалар мен ережелер жиынтығы тәртіпті орнатады.
Бейсенбі күні ауданға жұмыс сапарымен Жамбыл облысы Әділет Департаментінің басшысы Н.Андасов келіп, осы тақырыпта тұрғындармен кездесті. Бірінші кезекте облыстық Әділет Департаментінің басшысы аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбаймен бірге аудандық Мәдениет үйінде қордайлықтармен жүздесті. Жиында Н.Есіркепұлы азаматтардың құқықтары, оны қорғау тәсілдері, қажет болған жағдайда арнайы органдарға жүгіну сынды мәселелерді көтеріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Осыдан кейін Н.Андасов «Аманат» партиясы аудандық филиалы ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға келген азаматтардың сұрақтары әртүрлі болды. Мәселен, біреуі үйінің құжатын заңдастыра алмай жүрсе, енді біреуі өзінің жер учаскесіне көршісі кіріп кеткенін жеткізіп, оны заң аясында шешу жолын сұрастырды. Қабылдауға жазылған тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңестер берілді.
Іс сапары соңында облыстық Әділет Департаментінің басшысы Әлжан ана ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы №23 орта мектепте дәл осы тақырыпта тұрғындармен кездесіп, консультация берді.