Қазіргі уақытта діни сауаттылықтың маңызын бағаламауға болмайды. Өйткені, білімсіздіктің және надандықтың салдарынан адамдар деструктивті ағымдардың жетегіне ереді. Көбінесе бұл ағымдардың әсеріне жастар, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері және түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдар ұшырайды.
Өкінішке орай зерттеу барысында, діни ағымдардың қатарында жастардың көрсеткіші жоғары. Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында кетуінің бірнеше себептерін атап көрсетуге болады. Оның қатарында жастардың діни сауатының аздығы, материалдық жағдаймен қатар ғаламтордың да әсері бар. Мысалы, теріс діни ағымдардың өкілдері өз алдарына интернет сайттарын ашып, көп уақытын компьютер алдында өткізетін жастардың санасын улауға тырысатыны сөзсіз. Жалпы интернетті толық бақылауға алу қиын іс. Бірін жапса, ертең екіншісі ашылады. Десекте, Дін істері комитеті жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, интернет сайттарындағы теріс мазмұнды мәліметтермен күресті өз құзыреттеріне алып, олардың жарыққа шығуын қадағалап, барынша тосқауыл қоюда.
Бүгінгі күні Қордай ауданының барлық ауылдық округтерінде дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын дәріптеу мақсатында мобильді түсіндіру топтары құрылған, ішіне мемлекеттік қызметкерлер, учаскелік полиция инспекторы, имамдар мұғалімдер және ауыл белсенділері кіреді. Топ мүшелері өз қызметін белсенді түрде жүргізіп, ауыл тұрғындары, жастар, оқушылар және мемлекеттік ұйымдар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жастарымызды теріс діни идеологиядан сақтандыру жолдарының бірі ол – діни білімді арттырумен қатар, отбасы институтын жетілдіру. Жастар бойындағы жаман қылықтарға қарсы күресетін иммунитет – діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Діни тәрбие адам бойындағы ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін оятады. Мектеп қабырғасынан оқушыларымызды діни, саяси сауатты, толыққанды жетілген тұлға етіп тәрбиелеп шығарған жағдайда ғана діни фанатизмнің қаупінен арашалауға болады. Діни сананың бірегейлігі мен дұрыс дамуы, қоғам бірегейлігінің алғышарты екенін естен шығармаған жөн.
Қарасай ауылдық округі әкімінің аппараты