«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған қағидат қашанда аудан басшылығының жадында. Ал, оған халық қалаулылары үн қосып жатса тіпті құба-құп. Өткен сәрсенбі күні соның куәсі болдық.
Аудан басшысының тұрғындарды жеке сұрақтарымен кезекті қабылдауларының біріне Ноғайбай ауылының тұрғыны Күмісхан Болтаева әже келіп, өзінің тұрмыс жағдайын жеткізіп, белгілі бір себептерге байланысты есік алдында тіпті уақ-жанның қалмай қалғанын айтып еді. Әженің жағдайы ескерілді, өтініші жерде қалған жоқ. Бұл мәселені естіген аудандық мәслихат депутаты Жайық Манасбаев тұрғынның өтінішін орындап беруге ниет білдірді. Нәтижесінде сәрсенбі күні кешкілік Күмісхан әжейдің есігінің алдына боз биені ауылдық округ әкімдігінің жігіттері жетектеп кірді. Әжені құттықтауға мәслихат депутаттары Жайық Манасбаев, Дәурен Кенжебеков, Ноғайбай ауылдық округі әкімі Ер-Серік Ешмұрат, Қордай ауданының Құрметті азаматы Бақберген Орыналин арнайы келді.
-Сіздің аудан басшысына жасаған өтінішіңізді естіп, қол қусырып отыра алмадық. Ауылды жерде тұрған соң есік алдында мал болғаны жақсы. Мал-жаныңыз аман болсын. Өсіп, өніп, көбейе берсін. Бұл сыйды аудан азаматтарының, сондай-ақ «Ауыл» партиясының атынан деп қабылдаңыз. Жасыңыз ұзақ, деніңіз сау болсын, — деп ізгі тілегін жеткізді Ж.Манасбаев.
-Үлкен адамның сөзін жерге қалдырмаған аудан әкімі Бегзат Болатбековке, бүгін маған қуаныш сыйлап отырған депутат балаларыма, ауыл әкіміне мың алғыс айтамын. Жұмыстарың жемісті болсын. Армандарың орындалсын, — деген аналық алғысын айтты Күмісхан Болтаева.
Өз кезегінде Қордай ауданының Құрметті азаматы Бақберген ақсақал ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілейтін батасын берді.
Ж.ОМАРОВ