ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялаған болатын және қазақстандықтар бірауыздан Мемлекет басшысының бастамасына қолдау танытқаны белгілі. Соның нәтижесінде, бүкіл еліміздің аумағында азаматтық ұстанымы берік, мұқтаж жанға өз еркімен, барынша риясыз жәрдем беруге даяр белсенді азаматтар алға шыға бастады.

Статистика бойынша Қазақстанда жыл сайын миллионға жуық адамдар хабар-ошарсыз жоғалып кетеді. Мұндай жағдайда кез-келген адам жоғалған адамның ізін таппай, қиналатыны белгілі.  Қайда бару керек? Кімнен көмек сұрайсың?  Көмек беруге дайын жандар бар, риясыз. Олар алғыс сөздерді де күтпейді, ішкі қажеттіліктері сондай. Ең бастысы – көмегім тисе, жәрдемдесіп үлгерсем, құтқарсам, қолдауымды танытсам деп жүргендер. Мұндай адамдар біздің арамызда да жүр. Әңгіме Қордай ауданының еріктілері жайында болмақ.

Олар республикалық «Лидер кз» еріктілер қозғалысының бір бөлшегі болып табылады. Шын мәнінде, бүгінде аймағымызда көш бастап келеді. Қордай ауданында еріктілер жасағы ресми түрде 2022 жылдың наурыз айында тіркелді. Бүгінде еріктілер тобында 13 адам бар. Оларға ешкім қаржылай көмек бермейді, ешкімнен материалдық сыйлық алмайды, еріктілердің өздері айтпақшы, ең басты марапат – жоғалған адамды тауып, аман-есен жақындарымен қауыштыру.

Қордайлық еріктілермен кеңсесінде кездестік, айтпақшы, кеңсені де өз қаражаты есебінен жалдап отыр екен. Іздеу жұмыстарына қажетті қаражат жетпейтін кездер болып тұрады, алайда, еріктілер өз күшімен іске кірісуге үйренген.

-Кеңсе бізге, ең алдымен, бас қосып жиналу үшін қажет. Оған қоса мұнда біз халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына көмек көрсету пунктін ұйымдастырдық. Іздеу жұмыстарынан бөлек, әлеуметтік көмек көрсету бағытында да қадам бастадық, — дейді қордайлық еріктілердің координаторы Мақсат Кенжеев.

Жасақ мүшелерінің жазылмаған заңы бар – әрдайым дайын болу. Еріктілердің көмегі кез-келген уақытта қажет болуы мүмкін. Жиналуға небәрі 20 минут уақыт беріледі. Еріктілер айтқандай, қызметтеріндегі ең күрделі сәт – адам іздеу. Өздерінің нақты реттелген іс-әрекет алгоритмі бар. Мәселен, команданың ең жас мүшесі – он алты жасар Юля ақпараттық жұмысқа жауап береді. Парақшалар жасап тарату, әлеуметтік желілер арқылы іздестіру, хабар тарату – осының бәрін қатаң бақылауда ұстайды. В.Радченко – ұйымға өзінің жүрек қалауымен келген. Тәуліктегі 24 сағат бойы байланыста, қажет болған жағдайда бүкіл отбасы да атсалысады. Одан бөлек бойжеткен мұқтаж отбасыларына көмек көрсетумен айналысады. Жасақ көшбасшысы – Мақсат. Тәжірибелі ерікті жай өмірде – оператор-экскаваторшы. Ол қордайлық еріктілердің ұйымдастырушысы. Жәрдем сұраған жанның жанынан жай ғана өтіп кете алмады. 2022 жылдың наурыз айында бүкіл аудан болып хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әжейді іздеуге шықты. Қарт ананың тағдырына алаңдап, іздеуге шыққандар қатарында Мақсат та болды. Осылайша, Қордай еріктілерінің тарихы бастау алды.

-Адамдар жоғалып кеткенде, біз ең алдымен қауіп төніп тұрған егде жастағы адамдар мен балаларды іздеуге кірісеміз. Іс-қимыл жоспарын жасап, жүріп өткен жолын талдап, көрген-білгендерді іздейміз, — дейді Мақсат.

Еріктілер ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен тығыз байланыста әрекет етеді. Полиция бөліміне адам жоғалғаны жайлы арыз түспеген жағдайда еріктілер іздеуге кірісе алмайды.

-Ең қорқыныштысы – уақытты өткізіп алу. Әр күн өткен сайын адамды аман-есен табу мүмкіндігі кеми береді. Мұндай жағдай біздің басымыздан өткен, іздеуге он күн кетті, құтқарушыларға көмектесіп жүрдік, іске сүңгуірлер де жұмылдырылды, аса ауыр жағдай болған, әлі күнге өкінішпен еске аламыз, — дейді Мақсат.

Іздеу жұмыстары сәтті аяқталған кездерді көптеп еске алады Мақсат. Іс-қимыл әрекет жоспары дұрыс түзілгенінің нәтижесінде бізде жас қызды іздеп тауып туған-туыстарымен қауыштырса, бірнеше жасөспірімді де анықтап, ата-анасына қайтарған кездер болған. Сол сәттегі туған-туыстарының бақытты жүздері мен қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, жоғалған адам аман-есен үйіне оралған сәттер ерекше.

-Мұндай сәттерде өз миссияңды орындағаныңды, бар амал-әрекетің текке кетпегенін түсінесің, — дейді еріктілер.

Жанашырлық пен жауапкершілік – еріктілердің бойында болуы тиіс қасиеттер. Мақсат пен оның командасының мүшелері нақты іске кірісе білетін ұрпақ өсіп-жетілгенін бірнеше рет дәлелдей алды. Күн сайын таңда оянғанда да, ұйықтап жатқанда да, олар әркім әрқашан да өз отбасымен бірге болса екен деп тілейді.

Қоғамға пайдалы болғыңыз келе ме? Мүлдем бейтаныс адамға көмекке келуге дайынсыз ба? Егер де, жауабыңыз «иә» болатын болса, қордайлық еріктілердің есігі сіз үшін әрдайым ашық.

Шолпан Сабанова

Leave A Reply

Your email address will not be published.