Аудан тұрғындарының және сауда мен тамақтану орындарының карантин талаптарын сақтауын қадағалайтын мобильдік топтың жұмысы жалғасуда. Өткен сәрсенбі күні кешкілік рейдке шыққан топ мүшелері бірқатар кемшіліктерді анықтаған болатын.
Аудан бойынша үлкен де кіші мейрамханалар мен кафелерде той-томалақ жасау тиылғанымен әлі де болса бірқатар азаматтар қауіпті індеттің салдары ауыр болатынын аңғармайтын сияқты. «Ковидтің» әлемде қайта күш алғанын күнделікті ақпарат құралдары арқылы көріп, біліп отырса да сақтық шараларына сараңдық танытып, ескертулерді елемейтіндер әлі де кездеседі. Рейд барысында аудан орталығындағы «Көмбеш» деп аталатын дәмханаға бас сұққан топ мүшелері дәмхананың әкімшілігінің сақтық талаптарын орындамағанын анықтап, сол жерге учаскелік инспекторлар шақыртылып, хаттама толтырылды. Сонымен қатар, клиенттерге бетпердесіз қызмет көрсеткен бір дүкен сатушысына да хаттама толтырылып, олар аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Мобильдік топ мүшелері тұрғындарға ескерту жұмыстарын жүргізуді де ұмытпады.
Арада бір күн өтпей жатып, мобильдік топ мүшелері Қордай ауылындағы Әлімбаев көшесінде есік алдында өтіп жатқан «Беташар» рәсімін тоқтатуға тура келді. Санитарлық талаптарды сақтамағаны және облыстың бас санитарлық дәрігері бекіткен Қаулы ережелерін бұзғаны үшін той иелеріне айыппұл салынатын болды.