ДІНИ АХУАЛ ӘРДАЙЫМ НАЗАРДА

0

Дүйсенді күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков Сортөбе ауылында орналасқан «Имамдар үйіне» барып, жұмысымен танысты. Орталықтың жұмысы жайлы ауданның бас имамы Әлмұхаммед Егізбаев толықтай баяндап беріп, ауыл, қала берді аудандағы діни ахуалды сөз етті.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған «Имамдар үйі» діни қызметкерлердің басын қосатын, бейбітшілік пен келісім тақырыбында кездесулер өтетін орталық ретінде ойластырылған болатын. Бүгінде орталықта имамдарға арналған дәрістер өтіп, жұмысқа қатысты мәселелер талқыланып отырады. «Имамдар үйінде» оңалту, бейбітшілік пен келісім бөлмелері, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету сыныбы, дәрісхана, кітапхана, медициналық пункт және мәжіліс залы қарастырылған. Бұдан бөлек асхана, жуыну бөлмелерімен қатар меймандарға арналған жатақхана да бар. Жалпы ғимарат заманауи стандартқа сай салынған. Іші толығымен дерлік жиһазбен жабдықталған.

Бегзат Болатбеков аудандағы діни ахуалға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді. Бұл мәселе әсіресе Сортөбе және Масанчи ауылдық округтерінде өзекті. Себебі, мұнда шетелден діни білім алып келген азаматтар жетерлік. Осы ретте аудан әкімі мешіттердегі қызметкерлердің білімі жайлы сұрастырды. Бас имамның айтуынша, мешіт имамдары ҚМДБ-ның арнайы рұқсатымен ғана қызмет етеді, сонымен қатар еліміздегі діни оқу орындарын аяқтаған азаматтардың саны да артып отыр. Осы орайда Масанчи ауылындағы «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығы жайы да көтерілді.

Аудан әкімі аталған орталыққа да барып, білім ордасының жұмысымен танысты. Оқу орталығының директоры Ғалымжан Шерниязов дәріс сыныптарымен, жалпы оқу барысы жайында баяндап берді. Бұл орталықта бүгінде 135 оқушыға 6 ұстаз білім береді. Бас имам оқу орталығын аяқтаған түлектердің арасында имамдық қызметті атқарып жүрген азаматтар барын жеткізді.

Сапарының соңында аудан басшысы осы салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бұл қатарда соңғы бірнеше жылдағы аудан әкімінің дін саласына қатысты берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы, «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының оқу бағдарламасының бекітілуі сынды тапсырмалар болды. Сонымен қатар, аудандық бас имамға оқу орталығының жұмысы, ондағы оқу әдістемелік құралдары, ұстаздар мен оқушылары үнемі бақылауда болуы керектігі айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.