18 қараша күні Қордай ауылындағы Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының спорт кешенінде Қордай ауданының 95 жылдығына арналған және Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының кубогы үшін кіші футболдан мекеме қызметшілері арасында аудандық турнир өтті
Аудан әкімдігінің спорт бөлімінің басшысы Ғ.Әлімжанов аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, ауданда бұқаралық спорт өз деңгейінде жақсы дамығанын айтып, командаларға сәттілік тіледі.
Одан кейін сөз алған Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, подполковник Д.Көкбаев бұл іс-шараның мақсаты салауатты өмір салты арқылы достық қарым-қатынасты нығайту және жастардың патриоттық сезімін ояту болып табылатынын атап өтті.
Турнирге ұстаздар, ветеринарлық станция қызметкерлері, имамдар, АПБ, күзет, әкімшілік, Төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық орталық аурухана, Шекара басқармасының қызметкерлерінен құралған командалар қатысты.
Әр мекемеден жинақталған теңбіл доп шеберлері тартысты ойын көрсетіп, жарыс соңына дейін жеңіс голын соғуға тырысып бақты.
Командалар арасында үштік үздіктері және үздік номинация бойынша ойыншылары анықталды. Сонымен спорт додасының нәтижесі бойынша жүлделі 1-орынды Ұстаздар командасы, 2-орынды Шекара басқармасының командасы, 3-орынды – Аудандық орталық аурухана командасы иеленді.
Жеңімпаз атанған қатысушылар диплом, медаль, кубок және ақшалай сертификатпен марапатталды.