21 қараша күні аудан әкімінің тапсырмасымен, ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының клубында ауданымыздың Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Келелі кездесуге Қордай ауданының Құрметті азаматы, журналистика саласының ардагері Құрманбек Әлімжан, аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, аудандық ардагерлер және билер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет қатысып, этносаралық және конфессияаралық келісім тақырыбында өзекті мәселелерді қаузады.
Мәселен, жиын барысында сөз алған Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов түрлі этнос өкілдері көп шоғырланған Қордай ауданында этносаралық татулықты нығайту, ұлтаралық келісімді насихаттау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Ал ардагер журналист Құрманбек Әлімжан әрбір аудан тұрғыны еліміздің тарихын, өңірден шыққан тұлғаларды білуі тиіс екендігін тілге тиек етті: «Біздің Қордай ауданы киелі жер. Күні кеше ауданымыздың 95 жылдығы аталып өтілді. Бүгінгі бейбіт заманымыз ата-бабаларымыздың бiлек күшінің арқасында бiзге мұра болып қалғаны айдан анық. Құрметті сарбаздар, әрқайсыларыңыз тарихты білу керексіздер, кейінгі ұрпаққа жеткізу керексіздер. Тарихын білген ұрпақтың тамыры бекем екендігін ұмытпағайсыздар»,-деді.
Осыдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз алып, бүгінгі кездесу сіздерге рухани азық берсе, демек бұл басқосудың мақсатына жеткені деп білеміз, деді.