Әскерилерге есірткінің зияны туралы айтылды

0

Тараз гарнизоны әскери бөлімдеріндегі әскери қызметшілердің қатысуымен құқықбұзушылықтың алдын алу және әскери қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуының алдын алу тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Гарнизондық офицерлер үйінде өткен іс-шараның ұйымдастырылуына Тараз гарнизоны Әскери полиция басқармасы мұрындық болды.

Ішімдік пен есірткі адамның болашағына қауіпті. Арсыздық пен қылмыс та, абыройсыздық пен ұятсыздық та осындай зиянкес дүниелер салдарынан орын алатыны баршаға мәлім. Әскери полиция басқармасының қызметкерлері сарбаздарға есірткі мен ішімдіктің зардабы туралы жиі дәріс өткізіп тұрады. Өйткені алдын алудың ең жақсы тәсілі – профилактикалық жұмыс. Басқосуда әскери полиция мамандары жауынгерлерге зиянды әдеттің салдары жайында нақты мысалдар келтіре отырып баяндады.

– Нашақорлық пен ішімдікке тәуелділік қоғам дертіне айналып отыр. Екеуі де адам баласының денсаулығына орасан зардабын тигізеді. Сондай-ақ есірткі, ең алдымен, жүрек-қантамыр жүйесіне соққы береді. Сондықтан әскери қызметкерлер арасында арнайы жиын өткіздік. Мұның зардабын тартқан кісілерді мысалға келтіре отырып, нақты дәлелдермен есірткі заттарын қолданудың, оны өзгелерге пайда табу ретінде сатудың арты заң алдындағы жауапкершілікке әкеліп соқтыратыны жөнінде ақпарат берілді, – дейді Тараз гарнизоны Әскери полиция басқармасы патрульдік-бекеттік қызмет бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ғалымжан Тілеужанов.

Жиын барысында сарбаздарға зиянды әдетпен күресе алмай өмірін құртқан таныстары немесе бірге қызмет еткен әріптестері туралы бейнеролик көрсетілді. Саналы адамға айтарлықтай әсерін тигізетін бейнеролик әскери қызметкерлерге өмірлік сабақ болары анық.

Алкогольді сусындар мен есірткі өнімдеріне тәуелділік – орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан бір кездері жақын араласқан танысыңның аянышты халге түскен күйін көру қаншалықты ауыр болғанымен, қателіктің алдын алу үшін осындай мысалдарды назарға ұсыну маңызды.

Әскери қызметшілерге алкогольдің зияндылығын ғылыми-медициналық тұрғыдан түсіндіру мақсатында гарнизондық офицерлер үйіндегі кездесуге облыстық наркологиялық диспансердің дәрігер-наркологы Рабиға Керімқұлова шақырылды. Тараз гарнизоны әскери полиция бөлімінің автомобиль полициясы бөлімшесінің офицері, капитан Мейіржан Анықбаевтың айтуынша, сарбаздар үшін дәрігер мамандардың бұл тақырыпта қозғаған сөзі салмақты болмақ. Себебі наркологиялық диспансердің дәрігерлері қызмет бабында зиянды әдеттің кесірінен өмірін құртқан жандарды, ішкілікке салынып, есірткіге тәуелді болған адам­дарды жиі кездестіреді. Сонымен қатар наркологтар алкогольдік сусындар мен есірткінің адам ағзасына теріс әсері туралы жақсы біледі, білімін дәріс кезінде тыңдаушыға сенімді жеткізе алады.

«Алкоголь және есірткі – қылмыс көздері» тақырыбында өткен жиын соңында сарбаздарға Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің баптары таныстырылды. Сондай-ақ әскери қызметкерлер өздерін маза­лаған сұрақтарға тұшымды жауап алды.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуков «дөңгелек үстел» отырысын тыңғылықты ұйымдастырғаны үшін Тараз гарнизоны әскери полициясының өкілдеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ мұндай басқосу мен ашық диалог – әскердегі қылмыстың алдын алудың жақсы құралы болатынын атап өтті.

Ақтоты Жаңабай

Leave A Reply

Your email address will not be published.