ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛҒАНДАР

0

Желтоқсан айының 12-13 күндері болған сары-шұнақ аяз басылмай жатып ауданымыз арқылы өтетін республикалық, аудандық жолдар маңында жылдамдығы секундына 42 метр  болатын қарлы боран басталды. Қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқару жұмыстары қарқын алды.

Қордай ауданы әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен Қордай өңіріндегі  ауа райына байланысты жағдайға байланысты жедел штаб құрылып, аудан аумағы бойынша құтқару жұмыстарын бастап кеткен болатын.

14 желтоқсан күні жолда қалған адамдарды эвакуациялауға 15 бірлік техника жұмылдырылды. Оның ішінде 3 әскери «Камаз», 2 «Вахтовка», 1 шынжыр табанды техника, 1 «Урал», 1 «Уаз», 2 «Нива», 2 трикола техникалары бар.  Сондай-ақ, Меркі ауданының төтенше жағдай департаментінен 1 «Уаз», 1 «Нива», Шу ауданынан 1 «Нива» көмекке келді. Алматы облысынан 4 «Мтлб», 1 «Рос техника» және 1 қарда жүретін техника (снегоход) жәрдемге жіберілді.

Жолда қалған адамдар аудан бойынша мектептерге, балабақшаларға, мешіт және жеке тұрғын үйлерге жайғастырылды. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов бас болып, жолда қалған адамдарды құтқару жұмысына араласты. Қарлы бораннан діттеген жеріне жете алмаған жалпысы 783 адамға қордайлықтар көмекке келді. Жекелей тоқталсақ, сол күні Кенен ауылында — 575 (№42 орта мектепке 305, мәдениет үйіне 200, мешітке -70) адам орналастырылды. Қайнар ауылында жолдан құтқарылған 42 адам балабақшаға орналасты. Сарыбұлақ ауылында 26 адам дәрігерлік амбулатория мен мешітті паналады. Ноғайбай ауылында 17 адам ауыл мектебіне жеткізілді. Алға ауылына апарылған  36 адам мектеп пен мешітті, жеке үйлерге орнастырылған. Сол күні Қордайдағы 47 орта мектепке 87 жолаушы жеткізілген. Бірқатары кешкілік үйлеріне қайтуға мүмкіндік алса, қалғандары сол жерлерде түнеп шығуға мәжбүр болды. Жалпы осы күндері мыңдаған адамға қордайлықтар көмек қолын созды. Олардың барлығына ас-су, жылы киіммен қамтамасыз ету үшін барша ауыл тұрғындары жұмылып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұйымдасқан түрде көмекке келді.

Боран басталғанда аудан басшылығының ұйымдастырумен 3 жылыту пунктісі қосымша дайындалған. Қордай ауылындағы №51 мектеп 100 адамға дейін, Бетқайнар колледжі 70 адамға дейін, Отар ауылындағы  №41 орта мектеп 100 адамға дейін қабылдауға даяр болды.

Сол күндері жалпы аудандық штабтың ұйытқы болуымен ыстық тамақпен 2250 адам қамтылды. Әр ауылдан жеке көліктеріне ыстық тамақ салып алып шыққан жандар жолда қалып қойған жүк көліктеріне барып, жүргізушілерге көмек көрсетті. Тіпті, аудан басшылығының көмегімен жанармайы таусылғандарға немесе қатып қалған жандарға да жәрдем жасалды.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты ақауларды жою бойынша Қордай аудандық ЖЭС қызметкерлері, аудандық аурухана күшейтілген режимге көшті.  Күштік құрылымдар жұмысын да атап өткен жөн.

15 желтоқсан күні сағат 11:00-де төтенше жағдайлар қызметінің күшімен Соғанды ​​ауылының қиылысындағы жолдан 98 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды. Сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Алматы-Ташкент» тас жолына да тексеру жүргізілуде.

Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің күшімен: 8 бірлік техника (Ниссан хардбоди – 1 бірлік, жүк Камаз – 2 бірлік, Камаз вахта – 1 бірлік, Камаз ППОУ – 1 бірлік, Урал кунг – 2 бірлік, қарда жүретін техника — 2 бірлік) және Алматы-Ташкент тас жолының 180-185 шақырымында Қордай асуында 41 жеке құрам, 2 жүк көлігі қар құрсауынан шығарылып, Қырғызстанның 16 азаматы Қордай кеден бекетіне эвакуацияланды.

15 желтоқсанда  960 адам ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қосымша 1300 адамды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Ауданның барлық ауылдарында инженерлік коммуникациялар толығымен қалпына келтірілді. Төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел әрекет ету тобы жұмыс істеуге дайын.

Қар құрсауы мен боран өтінде қалғандарды құтқару, оларды жылыту пунктілеріне орналастыру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.