«ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛУ» ҚАЖЕТ

0

Өткен аптада аудан аумағында табиғат көрсеткен тосын мінез салдарын жою жұмыстары қазір қарқын алған. Сол кезде «жұдырықтай жұмылған» қордайлықтар жолда қалғандардан көмегін аяған жоқ. Дей, тұрғанымен де төтенше жағдай кезінде кейбір мәселелер төңірегінде мүлт кеткен жағдайлар да болған. Ол, ең алдымен ұйымдастыру, кейбір қызметтердің осындай жағдайларға дайын болмауы. Аудан прокуроры Бірлік Ізбасаровтың төрағалығымен өткен жиында осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіген еді.

Ауданда жарияланған табиғи сипаттағы төтенше жағдай бойынша уәкілетті органдармен қабылданған шараларға қатысты жиынға аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудан әкімі орынбасарлары, құқық қорғау органдары, әскери бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Өткен аптада ауданымыздың аумағында орын алған қарлы боран кезінде уәкілетті органдар тарапынан атқарылған жұмыстар, кемшін тұстар мен қолға алу керек нақты шаралар турасында аудан прокуроры орынбасары Е.Берікұлы баяндама жасады. Баяндама арнайы слайдпен сүйемелденіп отырды. Онда келтірілген мәселелер бойынша аудан прокуроры бірқатар мекеме басшыларын арнайы тұрғызып, нақты сұрақтар қойып, ескертулер жасады.

Баяндамада мәлім болғандай төтенше жағдай барысында қар құрсауынан 3062 адам құтқарылса, 13 жылыту пунктіне 2168 адам орналастырылған. Олар ыстық тамақпен және 3,5 тонна жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Жүздеген жеңіл және жүк көліктері қар астынан шығарылған. 6 шаруа қожалықтың 1229 мал басы шығын болған, 10 жеңіл көлік зардап шеккен.

Баяндамашы төтенше жағдай кезінде құзырлы органдардың өзара әрекеттесуінің тым әлсіз болғанын сынға алды. Осы орайда аудандық прокуратура кемшіліктерді жою үшін бірнеше пунктіден тұратын ұсыныстарын ортаға салды. Оның ішінде ТЖ кезінде тұрақты мүшелерден құралға штаб тобын құру, оны бұйрықпен бекіту, ірі кәсіпорындармен ауыл әкімдері ТЖ кезінде өзара көмекке келу туралы меморандум жасау, аудан аумағындағы қауіпті аймақтар саналатын орындарда сервистік нысандар және 5 жылыту пунктісін салу, спутникті байланыс орнату, жолдардағы қауіпті аймақтарға кезекшілік ұйымдастыру және  ДЭУ-34 ЖШС техникаларын жаңарту.

Жиын барысында аудан прокуроры  ДЭУ-34 ЖШС бастығы Е.Рахымғалиға техникалардың қысқы мерзімге дайындық жұмыстары төмен болғаны, төтенше жағдай кезінде техникаларды нақты орындарға бекіту жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмағандығы жайында ескертулер айтылды.

Соңында жалпы уәкілетті органдар осындай төтенше жағдай кезінде қалай бірлесе жұмыс атқаруы тиіс, кім неге жауапты болады, сол бойынша арнайы іс-қимыл жоспары жасалатын болып шешілді.  Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бахыт Сахатов баршаны жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.