Төтенше жағдай айтып келмейді

0

Өткен аптада ауа райының күрт нашарлауына байланысты өңірімізде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бірнеше күн бойы қар құрсауында қалып кеткендерді құтқару жұмыстары жүргізілді. Осы уақытта аудандағы, облыстағы қала берді республикадағы құтқарушыларға сын сағаты туғаны рас. Осы орайда болған оқиғаның анық-қанығын білу үшін аудандық Төтенше жағдай қызметінің басшысы Қанат Иманқұловпен сұхбаттастық.

— Дауылды боран басталғанда аудандық Төтенше жағдай қызметі қалай әрекет етті?

— Мұндай табиғат құбылыстары айтып келмейді, десе де «Қазгидромед» бірнеше күн бұрын қатты боран мен аяз болуы мүмкін екенін хабарлап, дабыл қақты. Тұрғындарға «112» қызметінен смс хабарламалар таратыла бастады. Бірақ, жолға шыққандар аз болмады. Оларды кінәлауға болмайтын шығар, мүмкін шұғыл шаруалары болды. Дауыл бастала салысымен аудандағы бүкіл жеке құрам және техника Қордай асуына қарай бет алды, дереу облыстық департаменттен де көмек жіберіле бастады. Полиция жолдарды жапты. Кейбіреулер автожолдан шығып, төте жолдармен ары қарай бет алды. Кейін, көліктері тұрып қалғанда «112-ге» қоңырау шалушылар саны тоқтамады. Алғашқыда біз асудағы көліктері тұрып қалғандарға жетіп, эвакуацияны бастадық. Бір қынжылтатыны, бізге бойұсынып, тыңдағандар аз болды. Азаматтар көліктерінің есік-терезелерін жауып, эвакуациядан бас тартып жатты. Ешкім көліктерін қалдырғысы келмеді, оларды мәжбүрлей де алмадық, дауыл күшейе берді. Жағдай тым қатты ушыққанда осы азаматтарды құтқару үшін екінші рет баруға тура келді. Алайда, бұл жолы қар, көк-тайғақ және қатты желден бір метр жердегіні де көру мүмкін болмады.

— Жалпы, құтқару операциясына қанша адам және техника жұмылдырылды?

— Облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібектің және облыстық ТЖ Дапартаменті басшысының м.а. А.Абдразақовтың төрағалығымен құрылған жедел штабтың шешімімен жалпы 453 адам және 190 бірлік техника жұмылдырылды. Құтқару жұмыстарына сонымен қатар, әскери бөлімдер, «Қазавияқұтқарудың» тікұшағы, өзге облыстан, тіпті Қырғыз елінен құтқарушылар көмекке келді. Десе де, жергілікті атқарушы органдардың, полиция, жедел жәрдем және де қарапайым қордайлық жігіттердің көмегін ерекше атап өткім келеді. Олардың әрекеттері мақтауға лайық. Барлығы бірлесіп үш мыңнан астам адамды құтқарды. Жылыту орындары дайындалды, ыстық тамақ әзірленді, ешкім қарап отырмады. Жедел штабтың дер кезінде қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде адам өлімі болмағаны қуантады.

— Енді осындай оқиғаның алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?

— Бірінші кезекте «112-ден» келген хабарларға құлақ асу керек. Ауа райы нашарлайды дегенді естігенде барынша жолға шығудан бас тарту қажет. Сонымен қатар, полицейлерге және Төтенше жағдай қызметкерлеріне бағыну керек. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау да маңызды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.