«Өз үйім – өлең төсегім»

0

Жаңа жыл қарсаңында көпшілігіміз өткен жылды қорытындылап, келер жылға жаңа жоспар құрамыз. Дәл  осы мереке әр адамның жүрегіне үміт сыйлап, көңіліне асқақ арман ұялататын, қиялға қол создыратын ерекше күн. Қордай ауданының тұрғыны Мукадес Тюлевалдиева көп жылдан бері бір-ақ нәрсені армандады.

Ол – Жаңа жылды өз баспанасында қарсы алу.

2024 жыл қарсаңында ол, ең алдымен, өтіп бара жатқан жылға алғысын жасырмайды. Өйткені, 2023 жылы оның көп жылғы арманы орындалды. Жақында Тюлевалдиевтер отбасы өздерінің жаңа пәтеріне қоныс аударды.

Өз үйінде бақытты адам, нағыз бақытты деседі. Жеке баспанасы жоқ отбасылар әлі де арамызда көп. Жылдар бойы жалдамалы пәтерлерді паналап келген адам ғана мұндай жағдайдың  қаншалықты қиын екенін түсінеді. Мукадес Бахадыровна отбасымен ұзақ жыл бойы біреудің бір бөлмелі пәтерінде тұрып келді. Енді қиындықтардың бәрі артта қалды.

-Шынымды айтсам, өз үйім болатынына сенбейтінмін. Алайда, қажет болғанда анықтамаларды жаңалап, өткізіп, іс барысын сұрастырып жүретінмін. Қоңырау шалып, әкімдікке шақырған кезде қатты таңдандым. Аса бір сенімім де болмады. Көп күткен «Құттықтаймыз!» деген сөзді естігенде көз жасыма ерік бердім. Аз уақыттан кейін салтанатты түрде аудан әкімі өз қолымен пәтер кілтін табыстады. Ішкі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын, — дейді ол.

Ең негізгісі – енді Тюлевалдиевтер отбасының тұрақты мекенжайы бар. «Батыс» шағын ауданындағы көп қабатты үйдегі үш бөлмелі пәтерде ерекше атмосфера қалыптасқан. Шыны керек, отбасы мүшелері бірінші рет шын қуана отырып, көшіп келді.

-Балаларым өз бөлмеміз болса деп армандайтын, бүгін, міне, тілектері орындалды. Жеткіншектің өз бөлмесі болып, достарын қонақ етіп күте алатындай баспанасы болғанға не жетсін. Мен үшін бұл мемлекетіміздің әрбір азаматқа деген қамқорлығының дәлелі, — дейді бақытты ана. – Осы пәтерді алғалы өміріміз мүлдем өзгергендей. Бәлкім, біреу үшін ертегі болып көрінетін шығар, отбасымызда жаңа дәстүрлер пайда болды, жаңаша жоспарлар өмірге келді. Енді үйіміз – жанға жайлы мекенімізге айналды.

Естеріңізге сала кетсек, 25 қазан – Республика күніне орай Қордай ауылындағы «Батыс» шағын ауданында 60 пәтерлі 5 қабатты жаңа үй және Цемзауыт шағын ауданында 40 пәтерлі үй қолданысқа берілді. Сол күні жылдар бойы пәтер жалдап келген 100 отбасының арманы іске асты.

Қуанышты бөліссең еселене түседі, дейді. Жаңа жылды өз отауында қарсы алуды қалайтын әрбір отбасының арманы 2024 жылы жүзеге ассын деп тілейміз!

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.