Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған облыс делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.
Аймақ басшысы алғашқы күні Шаньдун провинциясындағы қазақстан-қытай бизнес-форумының ашылуына қатысып, Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
— Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында облысымызда бизнес-жағдайды жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған. Айталық, инвесторларды қолдау мақсатында инвестициялық жобалар үшін салықтар бойынша жеңілдіктер, субсидиялар, гранттар беру, тиімді несиелермен қамтамасыз ету секілді мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Жергілікті билік өз тарапынан идеяны анықтаудан бастап, инвестициялық жобаның толық қуатқа шығуына дейінгі барлық кезеңдерін қамтитын бизнес үшін қолайлы шешімдер топтамасын қарастырған, — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, форум барысында қытайлық бизнес-қоғамдастық өкілдеріне облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен даму мүмкіндіктері туралы да ақпарат берілді.
— 2023 жылы экономикалық өсім 1,3 пайызды құрады. Осы жылдың 9 айында 700 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. 2023 жылдың 8 айында сыртқы тауар айналымының өсімі 541 миллион АҚШ долларын құрады, — деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, форумда Шаньдун провинциясының халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті төрағасының орынбасары Хэ Чжунцзюнь сөз сөйледі.
Шара аясында Шаньдун провинциясының халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті мен бизнес және инвестицияларға жәрдемдесу Қазақстан-Қытай Қауымдастығы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі