Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл облыстық Іскер әйелдер кеңесі ауданның кәсіпкер әйелдері мен өз ісін бастауға ниетті нәзік жандыларға арналған семинар өткізді.
Семинарға Жамбыл облыстық Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері – Ирина Неулыбина, Наталья Мухина, Бағдагүл Абдиева, Шолпан Кариева, Қордай аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнәз Абдуалиева, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қордай аудандық филиалының директоры Ержан Әден қатысты.
Облыстық кеңестің мүшелері жиналған қауымға алдымен өздерін таныстырып өтіп, ауданға келудегі мақсаттарын түсіндірді. Алғашқы сөзді алған маркетинг және жарнамалық инновациялар қауымдастығының сарапшысы Наталья Мухина қордайлық қыз-келіншектерді іскер әйелдер кеңесіне мүше болуға шақырды: «Облыстық іскер әйелдер кеңесі өңірдегі кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетумен, кеңес берумен, өз ісін ашқысы келетіндерге мемлекеттік грант, несие алуға көмек көрсетумен айналысып келеді. Әсіресе, біз «Бір ауыл, бір өнім» жобасына басымдық береміз. Бұл жоба Қордай ауданында да жақсы нәтиже көрсеткені өздеріңізге мәлім», — деді.
Келесі кезекте сөз алған көпбалалы ана, «Анашым» ЖК директоры Шолпан Кариева өзгелерді ынталандыру, жігер беру мақсатында өзінің бизнес әлеміне қалай аяқ басқаны, жеңілісі мен жеңістері туралы баяндады. Емен-жарқын әңгіме жағдайында өткен кездесуде қыз-келіншектер сауалдарын жолдап, керек кеңестер алды. Нәзік жанды кәсіпкерлер көбіне бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар, субсидиялар жайында сұрақтарын қойды.
«Ақпан айында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен дөңгелек үстел өтеді. Біз онда әр ауданнан үздік деген бес жобаны аймақ басшысына таныстырып, қорғап шығуды көздеп отырмыз. Сондықтан тың идеяларыңыз, жүзеге асырсам деп жүрген жобаларыңыз болса бізге айтыңыздар. Облыс әкімі ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға басымдық береді, сіздердің идеяларыңызды қолдайды деп сенемін», — деді облыстық Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Шолпан Кариева.
Сонымен қатар жиын барысында облыстық Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері 20-22 ақпан күндері Харгос қаласында кәсіпкер әйелдердің форум көрмесі өтетіндігін, оған жергілікті кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін ұсына алатындарын жеткізді.
Семинарға қатысқан Қордай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының Салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Әсел Сапарбаева кәсіпкер әйелдерге жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі туралы түсіндіріп, сауалдарына жауап берді.
Ал жиын соңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қордай аудандық филиалының директоры Ержан Әден өткен жылы жақсы нәтиже көрсетіп, белсенділік танытқан аудандық Іскер әйелдер кеңесінің мүшелеріне Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы төрағасының атынан Алғыс хат табыс етті.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ