БАЛА НЕСІБЕСІН АРТТЫРҒАН ЖЫЛ

0

«Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деп бала ырыздығын ойлап, әр сәби дүниеге өз несібесімен келеді деп жақсылыққа жорыған халықпыз ғой. Кеше елдегі әр балақайдың есепшотына артық-кемі жоқ 100 доллардан қаржы түсіп, біраздан бергі күпті көңіл марқайып қалды.

БАЛАНЫҢ ТАБЫСЫНА САЛЫҚ САЛЫНБАЙДЫ

Енді әлгі мәтелді заман ырғағына сай бейімдесек, еш сөкет бола қоймас. Бұдан былай «бір сәби дүние есігін ашса – бір баррель мұнай артық сатылады» деп айта жүретін болдық. Қайткенмен, осы игілік мұнайдан түскен табыстан үлестіріліп жатыр ғой. Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастау туралы тапсырмасына сәйкес, енді Ұлттық қордағы инвестициялық кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балаларға тең бөлінбек.

Шоттағы қаражат бала 18 жасқа толғаннан кейін қолжетімді болады және оны екі мақсатта – баспана алу және білім алу үшін пайдалануға мүмкіндік беріледі. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ) АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріповтің айтуынша, кәмелетке толған қатысушы уәкілетті операторға өтініш береді. Зейнетақы қоры баланың жинағын уәкілетті операторда ашылған банктік шотқа аударады. Бұл төлемдерден жеке табыс салығы алынбайды.

Дегенмен ескеретін бірқатар талап бар. Мәселен, Қазақстан азаматтығы жоқ немесе азаматтығын тоқтатқан кезден бастап шетелге шыққан азаматтарға нысаналы талап есебі тоқтатылады. Оған белгіленген сома басқа балалар арасында бөлінеді. Уақытша шетелде тұрып, азаматтығынан айырылмаса, ақша есептеле береді. Ал қатысушы қайтыс болса, қаражаты мұрагерлеріне тиесілі болады. Баланың жинағын алушы мұрагерлер ақшаны кез келген мақсатқа пайдалануға құқылы.

 

БИЫЛ ҚАНША БАЛА ҚАРЖЫСЫНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРЕДІ?

Ұлттық қордан берілетін нысаналы жинақтарға келесі шектеулерді қоюға тыйым салынады:

Банк шоттарындағы ақшаға тыйым салу немесе өндіріп алу;

Банк шоттарындағы ақша қаражаттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;

Жинақты қатысушының келісімінсіз алып қою;

Жеке табыс салығын салу.

Бұдан ұғатынымыз – қатысушының қандай да бір сот немесе басқалай қарыз-берешегі үшін кім-кімнің де (ұйым, мекеме, орган деп те түсініңіз) ол қаражатты алып қоюға құқығы жоқ.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – еліміздегі маңызды әлеуметтік жобалардың бірі. Ол Ұлттық қордың басты парызын орындауға бағытталған. Қордың өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғаятын өскелең ұрпақтың қаражаты баланың ересек өмірге нық қадаммен аттауына көмек болатынын ерекше атап өткен абзал», дейді Мұрат Шәріпов.

Қош, алғашқы қаражат түсті, тиісінше кәмелетке биыл толатын бірқатар қатысушыдан өтініштер де келіп үлгерген. Биыл 18 жасқа толатын 304 815 баланың БЖЗҚ-да ашылған нысаналы жинақтау шотында қаржы жатыр. 9 күннің ішінде БЖЗҚ-ға 100-ден астам өтініш түсіпті. Оның ішінде 54-і – білім беру ақысын төлеуге, 49-ы тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты. Осы өтініштердің 63-і орындалып, 21-і қарастырылып жатыр екен. Қалған 19-ы қабылданбаған.

«Өтініштердің қабылданбау себептері – бір өтінішті қайталап беру, деректер мен сомаларды дұрыс көрсетпеу. Біздің байқауымызша, кейбір азаматтар өз өтінішінде есепшотындағы жинақ сомасынан асып түсетін соманы көрсеткен. Тексермейміз немесе байқамай қаламыз деп ойлаған болуы мүмкін. Бірақ бұл өтініштердің барлығы қаралмай, кері қайтарылды», деп түсіндіреді БЖЗҚ басшысы.

 

ШЕТЕЛДЕ ТУҒАН БАЛАЛАРҒА ШОТ АШЫЛА МА?

Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазиновтың айтуынша, Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы қалыптасқан орташа инвестициялық кірісінің мәні 695 519 269 долларға тең. Бұл сома 6 919 131 балаға теңдей бөлініп, әрбір баланың есепшотына 100,52 доллар мөлшеріндегі нысаналы салым түсті. 304 815 бала осы қаражатты 2024 жылы пайдалана алады.

Департамент басшысы шетелде өмірге келген балаларға Ұлттық қордан шот ашыла ма деген сауалға да жауап берді.

«Егер бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде дүниеге келген болса, бірақ Қазақстан Республикасының азаматтығын алса, оған қаражат туған кезден бастап есептеледі. Ал егер бала басқа мемлекеттің аумағында дүниеге келіп, азаматтықты келген кезде ғана алса, онда қаражат азаматтық алған кезден бастап есептеле бастайды. Бұл жерде негізгі шарт – Қазақстан Республикасының азаматтығы екенін атап өткен жөн», дейді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, нысаналы талаптарға қатысушы балалардың ең көп саны (922 841 бала) Түркістан облысында тіркелген. Оларға 92 763 977 доллар есептелді. Оның ішінде биыл 18 жасқа толатын 41 968 нысаналы жинақ алушының жинақтау шотына 4 218 623 доллар түскен.

Балалар саны бойынша екінші орында – Алматы қаласы. Мұндағы 666 443 балаға 66 990 850 доллар есептеліпті. 600 мыңнан астам алматылық балғынның 26 621-і биыл 18-ге толады, сәйкесінше олардың шотында жалпы алғанда 2 675 942 доллар бар.

Үшінші орында – Алматы облысы. 608 711 балаға 61 187 000 доллар жіберілген. Оның ішінде биыл 18 жасқа толатын 26 802 нысаналы жинақ алушының жинақтау шотына 2 694 000 доллар есептелген.

 

БАЛАЛАР ТАБЫСЫ ӨСЕ БЕРУГЕ ТИІС

БЖЗҚ басшысы Мұрат Шәріпов төленетін қаржы сомасының инвестициялық кірістің түсуіне байланысты жыл сайын артып отыратынын айтады.

«Ұлттық қордың инвестициялық табысы 1 млрд 390 мың доллар болып белгіленген. Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірістілігі 2,6 пайыз доллармен болды. Осы инвестициялық кірістің 50 пайызы – 695,5 миллион доллар 2024 жылы бөлінді. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру», дейді спикер.

Жалпы, бағдарламаға 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықтағы туған балалар түгел қатысады. Келесі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы атанады.

 

БІЗДІҢ ҚАРЖЫ БАӘ-ДЕН НЕГЕ АЗ?

Айбол Арынғазинов Қазақстандағы балаларға берілетін қаржының неліктен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі сомадан аз екеніне де тоқталды.

«Бұл жердегі айырмашылық мемлекет таңдаған әлеуметтік моделдің әр алуандығында. Қазақстан өзін әлемдік қауымдастық алдында әлеуметтік мемлекет ретінде көрсетті. Сәйкесінше халық барлық әлеуметтік кепілдікпен қамтамасыз етіледі, ол үшін Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт жасалады. 70-тен аса түрлі әлеуметтік көмек түрлері бар. Ондай көп көмек басқа елдерде қарастырылмаған. Сондай-ақ қазір әлеуметтік жәрдемақылардың жекелеген түрлері, мемлекет субсидиялайтын зейнетақының бір бөлігі Ұлттық қордан бюджетке жіберілетін трансферт есебінен жүзеге асырылып отыр. Сондықтан Ұлттық қор азаматтарымыздың игілігіне жұмыс істеп жатыр деп айта аламыз», дейді маман.

Айта кетейік, баланың бағдарламаға қатысу дерегі және оған есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе басқа заңды өкілдері арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН бойынша тексере алады. Бағдарлама жұмысының бірінші күні, яғни 2024 жылдың 1 ақпанында бұл бөлімге 2 миллион 700-ден астам адам кірді. ЖСН бойынша шамамен 5,5 млн сұраныс өңделген.

Әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәлімет egov.kz порталында орналастырылған. Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде, БЖЗҚ ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Leave A Reply

Your email address will not be published.