1 ҚАЗАННАН БАСТАП ЕЛІМІЗДЕ НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

0

Қазан айынан бастап ел азаматтарын бірқатар маңызды өзгеріс күтіп тұр. Жұмыссыздық бойынша төлем тағайындау тәртібі жаңарады, онлайн несие рәсімдеу кезінде қосымша тексеру енгізіледі, валюталық депозиттердің мөлшерлемесі өзгереді.

ЖҰМЫССЫЗ МӘРТЕБЕСІН АЛУ ҮШІН КӨБІРЕК УАҚЫТ ҚАЖЕТ БОЛАДЫ

1 қазаннан бастап жұмыссыз ретінде тіркелу тәртібі өзгереді. Азаматқа лайықты жұмыс ұсыну және оны іздеу кезеңі 13 күнге дейін созылады.

Осы уақыт ішінде Еңбек мобильділігі орталығы адамның білімі, тәжірибесі мен кәсіби қабілетіне сәйкес келетін бос жұмыс орындарын қарастырады. Қажет болса, жұмыс берушілермен де байланыс орнатылады.

Алайда осы аралықта лайықты жұмыс табылып, азамат оған келіссе, 13 күннің толық өтуін күтудің қажеті жоқ.

Жұмыс іздеуші ретінде eGov арқылы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы мен Еңбек мобильділігі орталығы арқылы тіркелуге болады.

Жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің тәртібі де жаңарады.

Жаңа ережеге сәйкес, төлем ең көбі үш ай бойы беріледі. Ай сайынғы төлемнің шекті мөлшері 267 750 теңге болады.

Бұл тәртіп әлеуметтік төлем алуға құқығы 1 қазаннан кейін пайда болған азаматтарға қолданылады.

Маңызды талаптардың бірі – жұмыссыз мәртебесін сақтау. Егер азаматқа Еңбек мобильділігі орталығы үш қолайлы жұмыс орнын ұсынып, ол ұсыныстардың бәрінен бас тартса, жұмыссыз ретінде тіркеуден шығарылуы мүмкін. Мұндай жағдайда төлем де тоқтатылады.

ОНЛАЙН НЕСИЕ АЛАТЫНДАРҒА ЖАҢА ТЕКСЕРУ ЕНГІЗІЛЕДІ

Қазан айынан бастап интернет арқылы кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдейтін азаматтарға жеті сұрақтан тұратын қосымша сауалнама ұсынылады.

Бұл талап несие алушының алаяқтардың ықпалымен әрекет етіп отырмағанын анықтауға бағытталған. Банктер сондай-ақ қарыз ақшаның «қауіпсіз шотқа» аударылу қаупін тексереді.

Жаңа талапты Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен.

12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын жинақ валюталық депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме 1%-дан 2,5%-ға дейін өзгереді.

Алайда бұл көрсеткіш барлық депозитке автоматты түрде қолданылмайды. Жаңа мөлшерлеме 1 қазаннан кейін ашылған немесе мерзімі ұзартылған салымдарға қатысты.

Депозиттерге кепілдік беру қоры бұл мөлшерлемелердің ұсынымдық сипатта екенін атап өтті. Сондықтан нақты пайызды әр банк өзінің депозиттік саясатына қарай белгілейді.

КӘСІПКЕРЛЕР МАҢДАЙШАНЫ ӨЗ БЕТІНШЕ ОРНАТА АЛМАЙДЫ

1 қазаннан бастап кәсіпкерлерге нысан маңдайшаларын орнату алдында оларды келісу қажет болады. Ол үшін алдымен маңдайшаның эскизін дайындап, оны eGov немесе жергілікті әкімдік арқылы бекіту керек.

Маңдайшаның тіл туралы заң талаптарына сәйкестігі де ескеріледі. Рұқсатсыз орнатылған жағдайда оны алып тастау талабы қойылуы мүмкін.

МҮЛІК САЛЫҒЫН ТӨЛЕУ МЕРЗІМІ АЯҚТАЛАДЫ

2025 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады.

Азаматтар қарызының бар-жоғын банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, салықты сол жерден төлей алады.

2 қазаннан бастап берешегі бар тұрғындарға тиісті хабарламалар жіберіледі. Қарыз өтелмеген жағдайда салық органдары оны өндіріп алу шараларына кірісуі мүмкін.

ҚАЗАН АЙЫНДА ҚАНША КҮН ДЕМАЛЫС БОЛАДЫ?

25 қазан – Республика күні. Биыл мереке жексенбіге сәйкес келетіндіктен, демалыс 26 қазанға ауыстырылады.

Осылайша бес күндік жұмыс аптасында ел тұрғындары 10 күн демалады. Жұмыс күндерінің саны – 21.

Алты күндік жұмыс аптасында 5 демалыс және 26 жұмыс күні болады.

Қазақстан мектептеріндегі бірінші тоқсан 8 оқу аптасына созылады.

Күзгі каникул 26 қазанда басталып, 1 қарашаға дейін жалғасады. Оқушылар барлығы 7 күн демалады.

НЫСАНДАРДЫ ҚАЙТА АТАУҒА ЖАҢА ТАЛАП ҚОЙЫЛАДЫ

9 қазаннан бастап Қазақстанда нысандарды атау және қайта атау тәртібіне қатысты жаңа ережелер күшіне енеді.

Әуежай, вокзал, метро станциясы, автовокзал секілді нысандарға атау берген кезде сол өңірдің тарихы мен мәдени ерекшеліктері ескеріледі.

Бір нысанды қайта атау үшін оның алдыңғы атауы өзгертілгеніне кемінде 10 жыл өтуі керек.

Белгілі тұлғалардың есімдерін нысандарға беру де бірден мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда адамның қайтыс болғанына кемінде бес жыл өтуі қажет.

Адамның аты берілген нысандарда оның аты-жөні қазақ тілінде жазылады.

Жаңа атауларды Республикалық ономастика комиссиясы қарайды.

ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРДІ ҚОРҒАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

2 қазаннан бастап дербес деректерді өңдеу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Егер азаматтың жеке мәліметтері заң талаптарын бұза отырып жиналса немесе пайдаланылса, ол ақпаратты өшіруді немесе оны анонимдеуді талап ете алады.

Қорғалатын деректер қатарына биометриялық мәліметтер де енгізіледі.

Азаматтың келісімі жеке деректерді шетелге бергенде, оларды көпшілікке ашық орналастырғанда немесе үшінші тарапқа ұсынғанда қажет болады.

Сонымен бірге дербес деректер Қазақстан аумағында орналасқан ақпараттық базалар мен цифрлық жүйелерде сақталуы тиіс.

Заң бұзушылық анықталған жағдайда азамат өз деректерін бұғаттауды, анонимдеуді немесе толық жоюды талап ету құқығына ие болады.

Осылайша, қазан айынан бастап ел тұрғындарының күнделікті өміріне әсер ететін бірнеше маңызды өзгеріс күшіне енеді. Олардың қатарында әлеуметтік төлемдер, банк қызметтері, салық, коммуналдық тарифтер, кәсіпкерлік және жеке деректерді қорғау мәселелері бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.