«Болар істің басына, жақсы келер қасына» дейді халық даналығы. Бұл сөздің ақиқаттығын бүгінде Қаракемер ауылының тыныс-тіршілігінен анық байқауға болады. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен қайырымдылықты серік еткен азаматтардың арқасында ауылда игі істердің қатары көбейіп келеді.
Еліне батыр да азамат ұрпақ тәрбиелеген өнегелі отбасының сабақтасы – Мұрат Нүсіпбаев «Қаракемер» қоғамдық қайырымдылық қорына жетекшілік етіп келеді. Заман қанша құбылып, уақыт зымырап өтсе де, Мұрат Бақтыбайұлының ауылдастарына деген жылы лебізі, жанашырлығы мен қамқорлығы еш азайған емес.
Қор жетекшісі жыл сайын дәстүрге айналдырып, ауылдағы ақсақалдарға шапан жауып, әжелердің иығына ақ орамал салыстырып, үлкендердің батасын алып келеді. Одан бөлек, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мүмкіндігі шектеулі 10 балаға тәтті сыйлықтар мен жылы жамылғылар таратып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағаны әлі есте.
Мұнымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отыз отбасыға нақты материалдық көмек көрсетілді. Азық-түлік себеттері тарту етіп, жерлестер батасын алған еді.
«Балалар – біздің болашағымыз» демекші, қор тарапынан мектеп жасындағы балаларға да ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындық барысында оқушыларға мектеп құралдары, мектеп формасы мен сөмкелер сатып алу үшін 330 000 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.
Қайырымдылықпен қатар, ауылдың экономикалық әл-ауқатын көтеру де қордың назарынан тыс қалған емес. 2024 жылдан бастап мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде мал бордақылау, жылқы мен қой өсіру ісі қолға алынды.
Қордың алдағы уақыттағы негізгі мақсаттарының бірі – баспанаға мұқтаж жандарға қолдау көрсету. Қазіргі таңда аудан әкімдігінен жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) тиісті рұқсат пен шешім шықса, бірден құрылыс жұмыстарын бастап, әл-ауқаты төмен отбасыларға үй берсек деген үлкен жоспары да бар.
Сонымен бірге, 2027–2029 жылдарға арналған даму межесі айқындалды:
Егістік жерлерді тастан толық тазартып, топырақ пен қи төсеу;
Заманауи тамшылап суғару тәсіліне көшу;
Арнайы мал бордақылау орындарын салу;
Жастар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл қордың алдағы жоспарлары.
«Қаракемер» қоры келешекте ауылдағы басқа да шаруа қожалықтары ортақ іске қосылады деген үлкен үміт арттырады. Басқа дамыған елдермен тереземіз тең өмір сүру үшін ең бастысы – ауызбіршілік, білімділік пен біліктілік қажет.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел экономикасын бірге көтеру – басты міндет. Үлкен бизнестің тізгінін ұстап жүрген туған ауылдың азаматтары, бауырларымыз Қаракемердің көркейіп, өсіп-өнуіне өздерінің қомақты үлестерін қосып келеді.
Ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген осындай азаматтарымызға әрдайым қолдау білдіріп, істеріне береке тілейік!
Қаракемер ауылының ақсақалдар және әжелер алқасы