МИНИСТРДЕН МАРАПАТ

0

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні мерекесінің қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек еткендерді марапаттап, құрмет көрсетті. Олардың қатарында Қордай ауданының тұрғыны Мақсұт Жапарқұлов та бар.

«ҚазСуШар» Республикалық Мемлекеттік кәсіпорны Қордай аудандық бөлімшесінде еңбек ететін жерлесіміз 15 желтоқсан күні Министрдің қолынан III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін салтанатты шара барысында қабыл алды. Айта кетсек, мұндай орденмен ұйымдағы жемісті ұзақ жылғы еңбегі, сондай-ақ еңбек өнімділігін көтеруге және өнімнің сапасын жақсартуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін өндірістегі аса жоғары көрсеткіштері үшін наградталады.

Жапарқұлов Мақсұт Мақанұлы 1961 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қордай ауылында туылған. Алматы облысы Ақтерек ауылында мектепті аяқтағаннан кейін, 1982 жылы Алматы облысы, Шамалған ауылындағы Алматы гидромелиоративті техникумын «техник-гидротехник» мамандығы бойынша тәмамдады. 1984 жылы Қордай ауданындағы төменгі Шу суару жүйесі Басқармасына жұмысқа тұрады. Бір жыл «Степной» учаскесінде «гидрометр» маманы болып істеп, кейін «Благовещенка» учаскесінде 20 жыл бойы «гидротехник» болып жұмыс істеген. Осыдан соң «ҚазСуШар» Республикалық Мемлекеттік кәсіпорны Қордай аудандық бөлімшесіне қарасты «Қақпатас» су қоймасының басшысы, 2012 жылдан «Георгиевский» магистральді каналының сол тармағының басшысы болып еңбек етуде.

Бүгінде Мақсұт Мақанұлы 3 бала өсіріп, одан 8 немере сүйіп отырған қадірлі азамат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.