Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Аmanat» партиясы өңірлік филиалында мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысына қатысты.
Аймақ басшысы партияның «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасының экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге, өмір сүру сапасын жақсартуға және халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтіп, ол бойынша Жол картасындағы индикаторлардың орындалу қорытындыларына тоқталды.
Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешен саласында 9,1 миллиард теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асып, 165 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуге баса назар аударылуда. Осы ретте кептірілген пияз және сарымсақ өндірісі («Wanlin Group Limited» (ҚХР), шәрбат, крахмал және күнжара өндірісі («Primus Capital» (ҚР), жаңбырлатқыш қондырғы өндірісі («Atlantis» (Түркия), тамшылатып суару жүйелерін шығару («China KPGC» (ҚХР) жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда.
Су ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану да – маңызды бағыттардың бірі. Жалпы сыйымдылығы 50 миллион текше метрден асатын үш жаңа су қоймасын салу және екі су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстары көзделген.
Сондай-ақ, облыстық бюджет қаражаты есебінен 6 шағын су қоймасы іске қосылатын болады. Жоспарланған 646 ұңғыманың 133-і қазылып, ол 5,9 мың гектар суармалы алқапты ылғалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы белсенді іске асуда. 2023 жылы 18,4 миллиард теңгеге 3 мыңнан астам жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 4,6 мың жұмыс орны құрылды.
Облыс бойынша 81,7 мың жұмыс орны ашылып, 64,3 мың азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі