БИЫЛ КІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСТІ?

0

«Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?» (Р.Отарбаев) деген риторикалық сұрақ қоғамды әр жаңа жыл күнтізбесі басталған сайын үміттендіріп, Үкіметтің үп еткен жаңалығына қарайлатып қоятыны рас. Осыған сай, биылдан бастап елімізде бірқатар сала қызметкерлерінің айлық жалақысы өсетіні белгілі болып отыр. Ұлу жылында кімдердің жалақысы қаншалықты өсетініне шолу жасап көрген едік.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында азаматтардың табысын арттыру мақсатында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырған еді. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетіні анық.

Ал жалпы жалақыны өсіруге қанша теңге қажет екенін экс Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2024 жылы азаматтардың жалақысы көтеруге қанша теңге бөлініп отырғанын айтқан еді. Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамтуға 2024 жылға 3,5 трлн теңге жоспарланған. «Оның ішінде 1,5 млн-нан аса жұмыскердің жалақысын көтеруге 2,5 трлн теңге қарастырылған. Өңірлік жұмыспен қамту карталарына 724 млрд теңге көзделген. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100 млрд теңге бөлініп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр», дейді ол. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсетуге шамамен 380 млрд теңге көзделген, бұл 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Тәрбиеші, ғалым һәм орманшы

2024 жылы балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру үшін бюджеттен 96 млрд теңге қарастырылды. 242 млрд теңге ғылымды қаржыландыруға бағытталып отыр. Бұл 616 жетекші отандық ғалымдардың жалақысын арттырады. Ал мемлекеттік табиғи және орман қорғау қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 15 млрд теңге көзделген. Сондай-ақ Үкіметтің азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің жекелеген санаттары мен жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеруді жоспарлап отырғаны мәлім болды. Жалпы, энергоблокқа 2,6 трлн теңге көлеміндегі шығындар енгізілген.

Азаматтық қызметкердің айлығы артады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізу туралы Үкімет қаулысын дайындады. Атап айтқанда, біліктілік санаттарына қолданылатын коэффициенттерді арттыру қарастырылып отыр. Азаматтық қызметшілердің құрамына білікті жұмысшылар кіреді. Мәселен, коэффициенттердің ұлғаюы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 85 мың теңгеге дейін көтерілуіне байланысты қарастырылған. Еңбек заңына сәйкес, бірінші разрядты жұмыскердің еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарында және жұмыс берушінің актілерінде көзделген айлық жалақысының ең төмен мөлшері айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем бол­мауға тиіс. Қаулы 2024 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Құжат 30 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға түскен еді.

Су саласындағы серпіліс

7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы су саласына аса назар аударып, бағыт-бағдарын айқындап берді. Бұл ретте биылғы 1 қаңтардан бастап су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өспек. Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті шараларды әзірлеп жатыр. Бұған қоса еліміздің әр өңірінде су ресурстарын бөлу және оны пайдалануды бақылау мәселелерімен айналысатын бөлімдер ашылып, жаңа жұмыс орындар пайда болмақ.

«Су саласында қызмет етудің тартымдылығын арттыру қажет. Еңбекақыны көтеру – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Әрине, жұмыс істеп жүрген кадрларды салада ұстап қалып қана қоймай, уақыт талабына сай мамандардың жаңа толқынын дайындау да маңызды. Министрлік тиісті ұсыныстар енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Кенші, кітапханашы және журналист

Осы жылдан бастап қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер әлеуметтік төлем алады. Жаңа заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі әзірледі. Бұл металлургия, энергетика, тау-кен секторындағы жұмысшыларға қатысты. Төлемақы 55 жасқа толғандарға 200 мың теңге көлемінде беріледі. Кеншілердің жалақысы да өсуі мүмкін. Ең төменгі табыс 300-400 мың шамасында болады. Ал бүгінде қауіпті өндіріс орындарында 490 мыңнан аса адам жұмыс істейді.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 2023 жылы кітапханашылар мен мұрағат ісі мамандарының жалақысы 20 пайызға артты. Сондай-ақ 2027 жылға қарай олардың еңбекақысы екі есе көбейеді.

«Қазір 25 жыл өтілі бар кітапханашылардың жалақысы орта есеппен 140 мың теңгені құрайды. Жалақысы көтерілетін қызметкерлер санатына кірмей қалғандықтан, білім мен мәдениет саласындағы кітапханашы, қосалқы қызметшілер жағдайын айтып хабарласты. Енді кітапхана қызметшілері мен мұрағат ісі мамандарының жалақысы 20%-ға артты», деді Мәжіліс депутаты.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың мәлімдеуінше, мемлекеттік БАҚ құралдарында еңбек ететін қызметкерлердің айлығы өседі. Мемлекеттік БАҚ құралында жұмыс істейтін журналистердің жалақысы былтыр 30 пайызға, биыл 30 пайызға артты, ал 2025 жылы 20 пайызға көбеймек.

Бұл қызметкерлердің жалақысын 2027 жылға қарай екі есе өсіру жоспарланып отыр. 2023 жылғы II тоқсанда елімізде айлық жалақының орташа мәні 2022 жылғы тиісті тоқсанға қарағанда, 17,1%-ға өсіп, 365 502 теңге болды. 2022 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі ақпарат және байланыс саласында – 36%, көлік және жинақтауда – 24,6%, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 23,7%, көтерме және бөлшек сау­дада 21,8% көлемінде байқалды. Өнеркәсіпте орташа айлық жалақы – 20,4%-ға, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 15,6%-ға өсті. Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде орташа республикалық деңгейден – 2 есе, тау-кен өндіру өнеркәсібі – 1,9 есе, ақпарат және байланыста – 1,5 есе, ғылыми және техникалық қызметте 1,3 есе жоғары болып тіркелді.

Бақытбек ҚАДЫР

Leave A Reply

Your email address will not be published.